Қоғам • 19 Қараша, 2025

Дәрігерлер мен заңгерлер бір құрамда шалғай ауылдарға нақты көмек көрсетіп жүр

0 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елді мекендерді аралап жүрген арнайы пойыз мамандары бүгінде 104 ауылға жетіп, 77 мыңнан астам тұрғынға тегін медициналық және құқықтық көмек көрсетті. Халыққа бағытталған бұл жоба Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, «Samruk-Kazyna Trust» қоры мен Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен серіктестігі аясында жүзеге асырылып отыр.

Дәрігерлер мен заңгерлер бір құрамда шалғай ауылдарға нақты көмек көрсетіп жүр

Кәсіби көмек пен нақты диагноз

Биыл «Саламатты Қазақстан» меди­­цина пойызы он үшінші жыл қатарынан жолға шықты. Осы уа­қыт ішінде ол 2 130 бекетке тоқтап, 800 мыңға жуық тұрғынның денсаулығын жақсартуға, әлеуметтік мәселелерін шешуге үлес қосты.

Мамыр айынан бері пойыз мамандары медициналық қызмет көрсететін мекемелері мен мамандары тапшы әрі шалғай орналасқан 104 ауылды аралап үлгерді. Пойыз құрамында жалпы практика және тар бейінді дәрігерлерден тұратын 29 маман, сондай-ақ медиатор мен заңгер жұмыс істейді.

УДЗ, ЭКГ, флюрография, гастро­­­­фиброскопия, қан талдауы сияқты диаг­нос­тикалық тексерулер жүргізіп, шағын хирургиялық операциялар жасау­ға да мүмкіндік бар.

Алты айдың ішінде 16 өңірде 82 977 адам медициналық қызмет алды. Оның ішінде 46 848-і – әйелдер, 13 358-і
 – балалар. 244 операция жасалды. Бұл көрсеткіштер жобаның, әсіресе осал са­наттағы топтар – әйелдер мен балалар­дың денсаулығын қорғаудағы маңызын айқын көрсетеді.

л

«Пойыз келетінін естіген соң, көрші ауылдан арнайы келдік. Бұрыннан мазалап жүрген сырқаттарым бар еді, бірақ аудан орталығына баруға әрдайым мүмкіндік бола бермейтін. Пойыздағы мамандар толық қарап, УДЗ мен талдау­лар жасады, диагнозымды нақтылап, емдеу жоспарын түсіндіріп берді. Ойымда жүрген күмәннің бәрі сейілді», дейді Ақтөбе облысы Шұбарқұдық ауылының тұрғыны Гүлжан Қобландина.

Дәрігерлердің уақтылы араласуының арқасында көптеген науқасқа сыр­қаттары бойынша нақты диагноз қойы­лып, қауіпті дерттердің алдын алуға қажетті ем тағайындалды. Бұл – профилактикалық медицина мен ерте диагностиканың ауылдық жерлердегі маңызын айқын көрсетеді. Мысалы, медициналық тексеру барысында 390 ауыл тұрғынынан қант диабеті, 700 адамнан глаукома, 10 әйелден сүт безінің қатерлі ісігі, 1 012 пациенттен қатерлі болуы мүмкін өскіндер анықталды. Осы азаматтардың барлығы әрі қарайғы емдеу мен қосымша тексерулерге жолдама алып, қажетті медициналық бақылауға жіберілді.

 

Медиаторлар күрделі мәселелерді шешеді

Ауыл тұрғындары арасында құқық­тық кеңес те айрықша сұранысқа ие. Себебі медиатор мен заңгердің көмегімен азаматтардың жылдар бойы шешілмей келген мәселелері оң шешімін тауып жатыр. Биыл мамандарға 3 445 адам жүгінген, олардың 2 323-і – әйелдер. Әсіресе көпбалалы және жұмыссыз әйелдерге әлеуметтік төлемдер, құ­қықтық рәсімдер, қаржылық мәселелер бойынша жан-жақты қолдау көрсетілді.

Пойыз заңгерлері көпбалалы ана­лардың мемлекеттік наградаларын рәсімдеу жұмыстарын да жиі қолға алады. Мысалы, Қостанай облысында алты баланы тәрбиелеп отырған ана «Күміс алқа» иегері атанса, Шығыс Қазақстан облысында жылдар бойы шешілмеген жылжымайтын мүлік дауы бір апта ішінде оң нәтижесін берді. Үй мен жер телімі заңды түрде тіркеліп, құқықтық дау толық тоқтатылды.

оо

Медиаторлар мен заңгерлер отба­сының атаулы әлеуметтік көмегін рәсімдеуге, «Всеобуч» бағдарламасы арқылы балаларды қаржыландыруға, ұлттық медициналық орталықтарда емделу үшін квота алуға да жәрдем көрсетіп келеді. Мәселен, олардың араласуымен бірқатар онкологиялық науқастарға жеңілдетілген дәрі-дәрмек беру мәселесі шешілді, ресми сұратулардан кейін пациенттер қажетті препараттарын алған.

Көптеген мәселе бір күнде ше­шілмесе де, мамандар мемлекеттік органдармен тұрақты байланыс орнатып, әрбір өтініштің аяқталған нәтижесіне дейін бақылау жүргізеді.

«Көп жағдайда адамдар өз құқық­тарын толық білмейді. Ал біздің мін­детіміз – оларға дұрыс бағыт-бағдар беру. Ауылдағы көптеген азамат үшін бұл жоба білікті заңгерлік көмекке қол жеткізудің жалғыз мүмкіндігі болып отыр. Басты мақсатымыз – тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір отандасымыздың өз құқығын қорғай алуына жағдай жасау»,  дейді Ұлттық комиссия мүшесі, «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Әдиева бұл жұмыстардың маңыздылығы туралы.

«Саламатты Қазақстан» медицина­ пойызы – ауыл тұрғындары үшін уақыт­ша акция емес, 13 жыл бойы үзілмей жүзеге асып келе жатқан жүйелі қол­дау тетігі. Дәрігерлер мен заңгерлер еңбе­гінің арқасында мыңдаған адамның денсаулығына дер кезінде назар аударылып, әлеуметтік мәселелері шешімін тапты. Бұл – шалғайдағы елді мекендерге көрсетілетін сервистің жаңа деңгейі ғана емес, мемлекеттік серіктестік пен әлеуметтік жауапкершіліктің нақты үлгісі.

Бүгінде мамандар Жамбыл облысында қызмет көрсетіп жүр. Желтоқсан айын­да Жетісу және Алматы облыс­тарына барып, биылғы жұмысын 13 желтоқсанда аяқтайды.

 

Сұлтан СЕРІКҰЛЫ