Мәдениет • Кеше

«Қолмен өрілген қолғап сыры»

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласындағы Ұлттық музейде Эстония Ұлттық му­зейімен бірлесіп ұйым­дастырылған «Қол­мен өрілген қолғап сыры» атты көрме ашылды. Көрме Эстонияның ұлттық мәдениетінің маңызды бөлігі саналатын қолғап тоқу дәстүріне арналған.

«Қолмен өрілген қолғап сыры»

Салтанатты іс-шараға Эстония Президенті Алар Карис пен оның жұбайы Сирье Карис, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, эстон делегациясы, дипломатиялық корпус пен екі елдің зиялы қауым өкілдері қатысты. С. Карис құттықтау сөзінде ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

«Солтүстік халықтары үшін қолғап – тұрмыстық өмірде ең қажет дүние. Бұл нәрсені Қазақстанға қатысты айтуға да болады деп ойлаймын. Эстон Ұлттық музейінің көшпелі көрмесінде эстон халқының тарихы мен мәдениеті көрсетіледі. Біздің өрнектеріміз, символдар, халқымыз, ана немесе әже бейнесі ұсынылған. Иә, мәдениетіміздің маңызды бөлігі әйелдер арқылы берілді. Олар – отбасы мен ошағын, халық даналығын, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты және мәдениетті сақтаған жандар. Мәдениетіміз, рухымыз әрдайым осы әйел­дердің аялы алақанында болды. Біз оны жоғары бағалаймыз әрі құрметтейміз. Осы көрмені мейлінше көп адам тамашаласа деген тілек бар. Себебі бір-біріміздің мәдениетіміз бен өмірге деген көзқарасымызға қызығушылық таныту арқылы біз даналыққа және адам­гершілікке бір табан жақын­даймыз», деді Эстония Респуб­ликасының Президенті.

Іс-шара барысында Аида Балаева бірлескен көрме мәдени ынтымақтастықты нығайтуға, қолөнер, музей ісі саласында жаңа бірлескен жобаларға жол ашатынына сенім білдірді.

«Қазақстан үшін Эстония­ның мәдени мұрасымен танысу ерекше маңызды. Осындай көрмелер ұлттық бірегей­ліктің жаңа қырларын ашып, шығармашылық диалогқа мүмкіндік береді. «Қолмен өрілген қолғап сыры» атты көр­менің атауы терең мағы­наға толы. Ол тек қолөнер мен шеберлікті емес, екі ел халқына тән жылы да сенімді қарым-қатынасты білдіреді. Қол мен қолғаптың бірін-бірі толықтырғаны сияқты, біздің мәдениеттер де өз болмысын сақтай отырып, дәстүрді қорғау мен оны заманауи тұрғыдан дамыту жолындағы ортақ ұмтылыста үйлесім табады»,  деді министр.

Экспозицияда Орта ғасыр­лардағы үлгілерден бастап, бүгінгі заманауи бұйымдар көшірмелері қойылған. Он­дағы әрбір өрнек пен қолда­нылған түс өз дәуірі мен аймақтық ерекшеліктерінен сыр шер­теді. Көрме 2025 жылғы 28 жел­тоқсанға дейін жалғасады.