Фото ЖИ көмегімен жасалды
Марқұмның қызы Бейбіт Жұмағалиева болған жайтты Threads парақшасында жариялады. Отадан кейін оңалмаған науқастың жағдайын дәрігерлерге баяндағанда, «наркоздың қалыпты әсері» деп жауап берген. Дәрігерлер дәл осы бейқамдығы үшін заң алдында жауап беруге тиіс деп бел байлаған Бейбіт Жұмағалиев болған оқиғаның мән-жайын Tengrinews.kz сайтындағы әріптесімізге баяндап берді.
«Анам сәтті өтетініне сенген. Бұл күрделі операция емес еді»
Науқасқа небәрі 1–2 сантиметр болатын шағын жарық диагнозы қойылған. Дәрігерлер отаның өмірге қауіп төндірмейтінін, тек жоспарлы түзету қажет екенін айтқан. Пациентке квотаға сәйкес тегін операция ұсынған. Сөйтіп ем алушы Green Clinic-ті таңдаған.
Ота 11 қыркүйекте жасалған. Марқұм операция алдында жоғарғы деңгейде тексеруден өтіп, қажетті медициналық тор мен құралдарды өз қаражатына шетелден алдырған.
Алайда келесі күні әйелдің жағдайы күрт нашарлай бастаған. Әлсіздік, жүрек айну, қан қысымның төмендеуі байқалған. Туыстары мамандарға қайта-қайта хабарласқанымен, «наркоздың әсері», «мұндай белгілер отадан кейін болуы мүмкін» деген салғырт жауаптармен шектелген.
«Біз анамыздың әлсіреп бара жатқанын көрдік. Бірақ ешкім нақты түсіндіріп бермеді», дейді қызы.
Кешке қарай әйел жансақтау бөліміне түседі. Бірақ туыстарының айтуынша, онда да жағдайдың нақты себебі айтылмаған.
Жансақтау бөліміне жөнелтілді
13 қыркүйекте туыстарына әйелдің «жағдайы тұрақты» екені, тіпті үйіне шығаруға дайындалып жатқаны хабарланады. Алайда телефон арқылы сөйлескен кезінде анасының әрең сөйлеп жатқанын көрген қызы дереу УДЗ жасауды талап еткен.
Тексеру кешкісін ғана жүргізіліп, жағдайдың тым қиындағаны белгілі болған. Артериялық қысым қауіпті деңгейге түскен.
Жедел отада дәрігерлер аш ішектің шамамен 70 пайызының өліеттенгенін анықтап, оның себебін мезентериалды тромбоз деп көрсеткен.
Отадан соң әйел медикаментозды ұйқыға жіберілген. Туыстарының айтуынша, хирург шамамен бір сағаттан кейін бөлімшеден шығып кеткен. Түнде сол дәрігер хабарласып, әйелдің қайтыс болғанын естірткен.

Сараптамаға сенімсіздік: «Деректердің өзі қате»
Туыстар алғашқы сот-медициналық қорытындыда шындыққа сәйкес келмейтін көрсеткіштер бар екенін айтады.
Олардың жалдаған тәуелсіз сарапшысы да қорытынды толық жасалмағанын, тромбоздың даму тетігі зерттелмегенін атап көрсеткен.
Туыстар министрлікке шағым түсірген. Алайда ведомство өтінішті тексеру үшін оны кері айналдырып, сол клиниканың өзіне қайта жіберген. Марқұмның баласы Рамазан Орақбай бұл шешімді «мүдделер қақтығысы» деп бағалайды.
Оның айтуынша, ұзақ шағымданудан кейін ғана Комитет клиникаға тексеру жүргізуге дайын екенін хабарлаған, бірақ сол уақыт аралығында клиника өздері таңдаған сарапшылардың қорытындысын алып үлгерген.
«Олар да көмек көрсетудің кешіккенін растады. Ал сараптама актісінің сапасы соншалықты төмен, оны сотта дәлел ретінде қолданудың өзі қиын», дейді Рамазан.
Клиниканың өзі не дейді?
Green Clinic басшылығы ресми мәлімдеме жасап, тексеру заң аясында жүріп жатқанын және барлық материалдың ашық болатынын мәлімдеді.
Емдеу ісі жөніндегі орынбасар Әлімжан Мұхамбетов кей асқынулар алдын ала болжанбайтынын атап өтіп:
«Біз бұл оқиғаны жасырғымыз келмейді. Әр науқастың ағзасы әртүрлі. Кейбір қауіпті асқынуларды болдырмау медицинада да мүмкін болмай қалатын жағдайлар кездеседі», деді.
Оның айтуынша, бұл оқиға сақтандыру жағдайы ретінде тіркелген. Тәуелсіз сарапшылар да асқыну кезінде көрсетілген көмектің кешіккенін растаған.
Туыстар: «Біздің мақсат – кінәлілердің жауапқа тартылуы»
Марқұмның жақындары істің ашық тергелуін және медициналық қызметкерлердің нақты жауапқа тартылуын талап етіп отыр.
«Адам ауруханаға өмірін сақтап қалу үшін келеді. Егер дәрігер көмектесе алмай қалса, бір басқа. Бірақ клиника қауіпсіздікке толық кепілдік беріп, өзі шақырып операция жасағанда, жауапкершілік те өзгеше», дейді марқұмның баласы.