Саясат • Бүгін, 07:55

Халықтың табысын ұлғайту бағдарламасы қабылданды

10 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Үкімет отырысында қауіпсіздік, экономикалық жоспар, несие саясатына қатысты маңызды шешімдер қабылданды. Түркістанда бірнеше адамның өмірін қиған өрттен кейін бақылау күшейтіліп, тиісті органдарға нақты тапсырмалар берілді. Үкімет экономиканы сапалы өсіруге бағытталған жаңа үшжылдық бағдарламаны жариялады. Несие беру ережелері де жаңарып, халықтың қарызға белшеден батуының алдын алу шаралары енгізілді.

Халықтың табысын ұлғайту бағдарламасы қабылданды

Экономикалық бағдарлама қабылданды

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің Ұлттық банк және Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агенттігімен бірге 2026–2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасын әзірлегенін айт­ты. Бұл бағдарлама Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген тапсырмаларды орындауға бағытталған.

Ұлттық экономика министрлігінің мәлімдеуінше, құжат ел экономикасының негізгі бағыттарын қамтиды. Оның ішінде халықтың табысын қолдау, сапалы өсімге қол жеткізу, шикізаттық емес экспортты ынталандыру, экономиканы цифрландыру, жасанды интеллектіні дамыту, инвестициялық және тарифтік саясатты жетілдіру шаралары бар. Бағдарламада ақша-несие саясаты мен қаржы секторын дамыту, бағаны тұрақтандыру жөніндегі блоктар да қарастырылған.

Олжас Бектенов бағдарламаның басты мақсаттарын да атап өтті. Оның айтуынша, алдағы жылдары экономиканың жыл сайынғы өсімі кемінде 5% деңгейінде болуы керек. Ал халықтың нақты табысы жыл са­йын 2–3% шамасында артуға тиіс. Премьер-министр бұл көрсеткіштер елдің тұрақ­ты дамуына жол ашатынын айтты.

«Жаңа инвестициялық циклді іске қосу, бизнеске бөгет болатын кедергілерді жою, мемлекеттің экономикадағы үлесін барынша азайту, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік қолдауды нақты иесіне жеткізуге мүмкіндік беретін жаңа шараларды іске асыру көзделіп отыр. Инфляцияны төмендетуге, теңгерімді тарифтік саясатты жүргізуге, экспортты ұлғайтуға және импортқа тәуелділікті төмендетуге баса назар аударылады», деді О.Бектенов.

Үкімет отырысында Премьер-министр отын балансы мен мұнай өнімдерінің қозғалысын бақылау мәселесін де көтерді. Қазір елде жанар-жағармай бағасын көтеруге мораторий бар. Осыған байланыс­ты көршілес елдермен арадағы баға айырмасы күшейіп келеді. Азық-түлік бағасының тұрақтылығы да талқыланды. Премьер-министр: «Азық-түлік өнімдері, әсіресе импортқа тәуелді түрлерінің өндірісін көбейту керек», деді. Осы мақсатта Ауыл шаруашылығы, Сауда және Өнеркәсіп министрліктеріне ішкі нарықты отандық өніммен қамтуды күшейту тапсырылды.

Үкімет шикізаттық емес экспортты дамытуға да назар аударады. Олжас Бектенов: «Қосылған құны жоғары өнім шығаратын кәсіпорындарды қолдау қажет», деді. Сауда, Ауыл шаруашылығы және Өнер­кәсіп министрліктеріне осы бағытта кешен­ді шаралар әзірлеу тапсырылды. Соны­мен қатар отандық тауарларды сырт­қы нарықтарға және электрондық алаңдар­ға шығару мүмкіндігі күшейтілетін болды.

 

Қауіпсіздік қатаң бақыланады

Үкімет отырысында Премьер-министр Түркістан облысы Алғабас ауылында өрт салдарынан болған қайғылы жағдайға тоқталып, қаза тапқан азаматтардың туыстарына көңіл айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкіметтік комиссия құрылып, қазір өрттің нақты себебі анықталып жатыр. Жағдай туралы вице-премьер Қанат Бозымбаев баяндады. Үкімет басшысы зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына материалдық және медициналық көмек толық көрсетілетінін айтты.

Премьер-министр жылу беру маусымы басталғаннан бері өрт оқиғалары көбе­йіп кеткеніне тоқталды. Бұл мәселе Үкімет­те қазан айында қаралғанымен, жағ­дай әлі оңалмаған. Осыған байланысты Төтен­ше жағдайлар министрлігіне барлық орта­лық және жергілікті органдардың жұмы­сын дұрыс үйлестіру тапсырылды. Әкім­дік­тер мен Ішкі істер министрлігіне тұрғын үй­лерді аралап, рейдтер жүргізу міндеттелді.

Сонымен қатар Үкімет отырысында елдегі жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) мен тұмау жағдайы да қаралды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жыл сайын республикада ЖРВИ бойынша 3,5 млн-ға жуық жағ­дай, ал тұмау бойынша 2 мыңға дейін оқиға тіркеледі. Биылғы эпидмаусым 1 қыр­күйектен бері 1,4 млн адамның ауырғанын көрсетті. Бұл көрсеткіш өткен 2024–2025 жыл­ғы маусыммен салыстырғанда 20%-ға төмен. Ауырғандардың 66%-ы – 14 жас­қа дейінгі балалар. Кейінгі аптада респуб­л­ика бойынша ЖРВИ-дің 183 мың жағдайы тіркелді. Бұл өткен маусымдағы дәл осын­дай аптамен салыстырғанда 16%-ға жо­ғары. Эпидмаусым басталғалы тұмаудың зерт­ханалық расталған 590 жағдайы анықталды.

«Биыл тұмаудың айналымы 41 аптада, яғни қазан айының бірінші жартысында, өткен эпидемиологиялық маусымнан сәл ертерек анықталды. Бұрын ел аумағында болмаған тұмаудың жаңа түр­лері анықталған жоқ.  ЖРВИ және тұмау белгі­лері бар пациенттер тұмауға қарсы емес вирустарға да тексеріледі. Республика бойынша риновирус, парагрипп, аденовирус, бокавирус, коронавирус, РС вирусы, метапневмовирустардың айналымда жүргені байқалады. ЖРВИ-дің 66%-ы 14 жасқа дейінгі балалар арасында таралған», деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Олжас Бектенов вирустық маусым кезін­де халыққа көрсетілетін медициналық көмек­тің сапасын қатаң бақылауды тапсырды.

 

Экономикада өсім бар

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, биыл ел экономикасы тұрақты өсім көрсетіп отыр. 10 айдың қорытындысы бойынша өсім 6,4% болды. Министрдің мәліметінше, нақты сектордағы өсім – 8,2%, ал қызмет көрсету саласындағы өсім 5,3% болды. Салалардың ішінде ең жоғары өсім көрсеткен бағыттар анықталды. Көлік қызметтері – 20,7%, құрылыс – 15,1%, тау-кен өнеркәсібі 9,6% деңгейінде көтерілген. Сауда – 9%, өңдеу өнеркәсібі – 5,8%, ауыл шаруашылығы  5,4% өсім көрсетті. Өңдеу өнеркәсібінде де айтарлықтай серпін байқалды. Мұнда машина жасау – 11,5%, оның ішінде автокөлік өндірісі – 13,3%, тамақ өнімдері – 9,1%, сусын өндірісі – 8,7%, химия өнеркәсібі – 10,9%, мұнай өңдеу – 6,3%, металл бұйымдары 14,1%-ға өсті.

а

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

«Сапалы экономикалық өсімге жету үшін шикізаттық емес секторларды дамытуға, еңбек өнімділігін арттыруға, экономиканы технологиялық жаңартуға әрі цифрландыруға баса назар аударылатын болады. Жыл сайын өңдеу өнеркәсібі мен АӨК-те 100-ден астам инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Металлургия, машина жасау, мұнай-газ химиясы және АӨК-те жоғары қайта бөлудің 17 ірі жобасын жасаймыз. 2029 жылға дейін Ұлттық инфрақұрылымдық жоспардың іске асуы маңызды. Белсенді кезеңге Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту туралы ұлттық жобаны қолға алу да кіреді», деді С.Жұманғарин.

Үкімет экономикалық өсім мен халық жалақысы арасындағы алшақтықты азай­ту­ға да ерекше көңіл бөлмек. Ұлттық эконо­ми­ка ми­нистрінің айтуынша, ел дамуында енді ішкі жалпы өнім көлемінен гөрі оның сапалы құрамы маңызды бола бастай­ды. Экономикалық өсімнің декомпозиция­сы енгізіліп, нақты қандай факторлар эко­но­микаға күш беріп отырғаны айқындалады.

Үкімет отырысында нақты секторды қар­­жы­ландыру мәселесі де қозғалды. Ұл­т­тық даму институты саналатын «Бәйтерек» холдингінің рөлі күшейтіледі. Холдинг енді 15–20 ірі жүйе құраушы жобаны қар­жы­лан­дыруға шоғырланады. Ал басымдық кен-металлургия, машина жасау, энергетика, инфрақұрылым, агроөнеркәсіп, химия өнеркәсібі және құрылыс материалдарына беріледі. Үкімет 2026 жылы «Бәйтерекке» 1 трлн теңгеге дейін қаражат бөлуді жоспарлап отыр. Кейін жобаларды қаржыландыруға банктердің ресурстары да тартылады. Инвестициялық саясат та жа­ңартылады. Жаңа инвестициялық цикл іске қосылып, жобаларды қолдауда ашықтық пен тұрақтылық басты қағидаға айналады.

Бюджет саясаты да қайта қаралады. Үкімет Ұлттық қор қаражатын пайдалануды шектеп, шығындарды қатаң бақылауға алмақ. Бюджет тапшылығы 2028 жылы ІЖӨ-ге шаққанда 0,9%, мұнайға қатысы жоқ тапшылық 2,7% деңгейіне дейін қысқарады. Ал мемлекеттік қарыз ІЖӨ-нің 26% шамасында тұрақты сақталады.

Халық табысын арттыруда нақты шаралар жоспарланып отыр. Жұман­ғариннің айтуынша, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бағдарламалары жалғасады.

 

Несиелеу құрылымы өзгеріп келеді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова биылғы несие нарығының жағдайын баяндады. Оның айтуынша, 2025 жылдың 9 айында экономиканы кредиттеудің жалпы көлемі 14,6% өсіп, 38,7 трлн теңгеге жетті. Тұтынушылық секторда бұрын аса жоғары қарқынмен өсіп келген кепілсіз қарыздар айтарлықтай баяулаған. 2024 жылы өсім 29,3% болса, биыл 9 айда бұл көрсеткіш 12,7% ғана болды. Есесіне негізгі өсімді автокредиттеу мен кепілді қарыздар толтырған. Кепілді тұтынушылық кредиттер 32,2% өсіп, көлемі 4,8 трлн теңгеге жеткен.

Бизнеске берілетін кредиттер де тұрақты өсіп отыр. Кейінгі 5 жылда бизнеске кредит берудің орташа жылдық өсімі 14,4% болды. Бизнеске берілген кредиттер портфелі осы кезеңде 1,7 есе өсіп, 14,7 трлн теңгеге жетті.

Бизнеске кредит беруді ынталандыру үшін өтімділік коэффициентін 0,9 дең­гейінде сақтау мерзімі ұзартылды. Бұл экон­о­микада 3 трлн теңгеге жуық ресурс­ты бо­сатып, оны банк секторы кәсіпкер­лерді қар­жыландыруға пайдалана алады. Па­йыз­дық мөлшерлеме жүйесінде де өзгеріс бо­лады. Ипотекада бастапқы жарнасы жоға­ры адамдарға ставка арзандайды. Ал тұты­ну­­шылық несие бойынша пайыз енді авто­­матты түрде бекітілмейді. Мәдина Әбіл­­қасымова проблемалы қарыздарға қатыс­­ты да жаңалық айтты. 2027 жылдың 1 мамы­рына дейін коллекторларға кредитті сату­ға тыйым жалғасады. Енді банкроттық рәсі­мі де оңайлайды. Банктер төлем қабілеті жоқ қа­рыз алушыларды өздері анықтап, олар­ға SMS арқылы қарыздарды есептен шыға­ру мүм­кіндігі туралы хабарлама жібере бастайды.