Қоғам • Бүгін, 18:30

Адамдар жұмыс істемей өмір сүретін уақыт келе ме?

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Вашиңтонда өткен инвестициялық форумда Илон Маск ерекше ой айтты. Ол 10-20 жиырма жылдан кейін қоғам мүлде басқаша болады деді. Айтуынша, жасанды интеллект пен адамға ұқсайтын роботтар барлық жұмысты өз мойнына алады. Адамдар тек көңілдері қаласа ғана еңбек етеді, деп жазады Egemen.kz.

Адамдар жұмыс істемей өмір сүретін уақыт келе ме?

Фото: Creative Commons

«Жұмыс адамның міндеті болмайды. Болашақта жасанды интеллект пен роботтар кедейлікті жойып жібереді. Адамзат тарихында алғаш рет бүкіл қоғам бірдей деңгейде бай болуы мүмкін. Tesla компаниясы бұл бағытта алғашқы қадам жасап жатыр. Келешекте көптеген компания әдеттегі адамдарға ұқсайтын робот шығара бастайды», деді Маск.

Форумда Илон тағы бір үлкен жобасын жария етті. Оның xAI компаниясы Сауд Арабиясының мемлекеттік Humain ұйымымен бірге үлкен дата орталық салмақ. Бұл орталықтың қуаты 500 мегаватқа жетеді. Ол АҚШ аумағынан тыс жерде xAI жасаған ең ірі нысан болмақ. Жобаға Nvidia компаниясы да қатысады. Маск бұл орталықты Сауд Арабиясында салуды кездейсоқ таңдамағанын түсіндірмесе де, оның маңызы зор екенін айтты.

Сөйлеп тұрып Маск болашақта ақша деген түсініктің мағынасы жоғалуы мүмкін деді. Ол адамдар жетіспеушілік көрмейтін, тапшылық деген ұғым болмайтын бір әлемді елестетті. Ол бұл ойын дәлелдеу үшін Иэн Бэнкстың шығармасындағы қоғамды мысалға келтірді. Ол жерде адамдар қажеттінің бәрін ешбір қиындықсыз алады. Маск болашақтың жаңа құндылығы энергия болуы мүмкін деп ой бөлісті.

Форумға қатысып отырған Nvidia басшысы Дженсен Хуаң Масктың бұл ойын қолдамады. Ол Маскқа қарағанда басқаша ойлайтынын ашық айтты. Хуаң былай деді:

«Адамның идеясы өте көп. Біз олардың көбіне қол жеткізбей жүрміз. Жасанды интеллект осы жоспарларды тездетуге көмектеседі. Сол себепті жұмыс көбейеді».

Дегенмен Масктың сөзі бір үлкен сұрақты ашып айтпай кетті. Егер болашақта роботтар барлық жұмысты атқарса, адамдар қалай өмір сүреді және күнкөріс қайдан келеді? Сарапшылар бұл сұрақты жиі қояды. Бұрынғы футуристер де осындай идея айтқан. Бірақ ол үшін қоғамда игілікті әділ бөлетін жүйе қажет.