Руханият • Бүгін, 11:11

«Шабыт» халықаралық байқауының жеңімпаздары анықталды

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шабыт – еліміздегі ең ірі мәдени жобалардың бірі. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген талантты жас әртістерді, суретшілер мен ақындарды тоғыстыратын бұл фестиваль дарынды жастарды қолдауды, кәсіби шеберлікті шыңдауды және ұлттық әрі әлемдік мәдениетті кеңінен насихаттауды көздейді. Астанада өткен XXVIII халықаралық байқауға биыл Қазақстанның барлық өңірінен және шетелдерден келген 800-ден аса жас шығармашыл тұлға қатысты, деп жазады Egemen.kz.

«Шабыт» халықаралық байқауының жеңімпаздары анықталды

Фестиваль бағдарламасы шетелдік және отандық мамандардың дәрістерін, өнерпаздардың шығармашылық лабораториясын, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған концерттік бағдарламаларды қамтыды. Бұл алаң жас өнерпаздардың кәсіби тәжірибесін арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

Сонымен байқау қорытындысана сәйкес, әр номинациядан төмендегі өнерпаздар жеңімпаз атанды:

Камералық хор бағытында Татарстан Республикасы Мемлекеттік камералық хоры Гран-при иегері атанды.
1-орын – Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының қазақ камералық хоры
2-орын – ҚазҰӨУ «Аралас хоры»
3-орын – «Алатау» жастар хоры

Хор дирижері номинациясында Гран-при – Мусин Дәуренге бұйырды. І орын – Сансызбай Ержан, ІІ орын – Есімханов Алмат, ІІІ орын – Джан Джиан.

Академиялық ән және концертмейстерлік шеберлік бағытында Гран-при Рахметова Фируза мен Шынболат Аяжанға тапсырылды. Бірінші орын – Аламанова Ляйла, Абдрахманова Динара; екінші орын – Саматқызы Нұрсезім, Омаргазин Нұрсұлтан; үшінші орын – Ерболатұлы Бекұлан мен Ультараков Досым.

Камералық музыка бойынша Гран-при Алғи Ақбике мен Узбеков Ильясқа берілді. Бұдан бөлек, бірқатар жас орындаушылар бірінші, екінші және үшінші орындарды бөлісті.

Фольклорлық ансамбльдер арасында Гран-при «Тарлан» этно ансамбліне табысталды.
1-орын – «Түркістан»,
2-орын – «Достық сазы»,
3-орын – «Тарту» ансамбльдері.

Эстрадалық вокалда Triо Moonaisun Гран-приге ие болды. I орын – Trіo MIYA3, II орын – Trіo Altyn ún, III орын – Trio «Эстрада».

Бейнелеу өнері мен поэзия, креативті индустрия бағыттарында да ең үздік жас өнерпаздар анықталды. Поэзия аталымында Гран-при иегері – Дәурен Тілеухан, креативті бағытта – Қамза Бөкейхан.

Фестивальдің жүлде қоры да айтарлықтай:
Гран-при — 3 000 000 теңге,
I орын — 1 000 000 теңге,
II орын — 750 000 теңге,
III орын — 500 000 теңге.

Ширек ғасырға жуық тарихы бар «Шабыт» фестивалі осы уақыт аралығында мыңдаған талантты жастың қалыптасуына жол ашып, олардың кәсіби биіктерге көтерілуіне ықпал етті. Биылғы байқау да шығармашылықтың сан алуандығын және жас дарындардың жоғары әлеуетін айқын көрсетті.

Фестивальді Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана қаласы әкімдігі, «Мәдени іс-шараларды өткізу дирекциясы» және Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті ұйымдастырды.