Спорт • Бүгін, 16:39

Шадияр Пернеш еркін күрестен Сурдлимпиада чемпионы атанды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Токиода өтіп жатқан XXV Жазғы Сурдлимпиада ойындар аясында еркін күрестен сайыстар өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы бір «алтын», бір «күміс» және үш «қола» медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Egemen.kz Ұлттық сурдлимпиадалық комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Шадияр Пернеш еркін күрестен Сурдлимпиада чемпионы атанды

65 келіге дейін салмақ дәрежесінде Шадияр Пернеш Сурдлимпиада чемпионы атанды. Финалдық белдесуде ол ирандық Кейван Ростамабадиді 4:2 есебімен жеңіп, Қазақстанға осы күрес түрінде жалғыз алтын медальді алып келді. Шиеленісті финал соңында Пернеш өз эмоциясын жасырмады. Оның айтуынша, бұл алтын – өзінің спорттық жолындағы «ең көп күткен әрі ең қымбат» жеңісі.

57 келіге дейін салмақта финалға шыққан Ғабит Есжанов ирандық Мохаммад Шиавошимен белдесіп, 6:15 есебімен есе жіберді. Осы нәтижемен ол Сурдлимпиаданың күміс жүлдегері атанды.

Қазақстан қоржынына үш қола медаль түсті:
• Ғасыр Тұрғынбай (74 кг) алдымен бейтарап спортшы Алексей Калесныйды 22:8 есебімен жеңіп, кейін Денис Трегубенкомен болған қола үшін белдесуде 11:0 нәтижесімен басым түсті.
• Сабыржан Рсалы (86 кг) грек балуаны Николаос Иосифидисті 16:5 есебімен ұтты.
• Қайратхаан Шонқу (125 кг) үндістандық Ган Шьямды 12:1 есебімен техникалық басымдықпен жеңіп, қола медаль иегері атанды.

97 келіге дейін салмақтағы қола белдесуінде Бексұлтан Малайдар ирандық Ерфан Саттариге жол берді.

ҚР Ұлттық Сурдлимпиада комитеттің вице-президенті Азамат Қарлығашев қазақстан спортшыларының нәтижелеріне жоғары баға берді.

«Бұл Сурдлимпиада Қазақстан үшін тарихи сәттерге толы болды. Бүгінгі жеңістер кездейсоқ нәтиже емес, біздің спортшылардың жаңа деңгейге көтерілгенінің дәлелі. Жігіттердің күрес мәнері, мінезі, сенімділігі айқын өзгергенін көріп отырмыз. Бұл бүкіл ел үшін үлкен жетістік. Алдағы жарыстарға да серпін беретініне сенімдімін», деді ол.