Шетелдік арнайы ресурстардың деректеріне сүйенсек, алаяқтар Apple компаниясының атынан жалған SMS немесе iMessage жолдайды. Хабарламада табылған iPhone-ның моделі, түсі және жады көлемі көрсетіліп, фишингтік сілтеме бірге жіберіледі. Ақпарат шынайы сияқты көріну үшін визуалды ресімдеуі де Apple хабарламасына ұқсастырылған.
Алаяқтардың мақсаты – қолданушыны сілтеме арқылы өтіп, Apple Find My қызметіне ұқсас жалған парақшаға кіргізу. Сол жерде енгізілген Apple ID логині мен құпиясөзі бірден қаскөйлердің қолына түседі. Бұл олар үшін құрылғы құлпын айналып өтуге, телефонға ғана емес, иесінің жеке мәліметтеріне де қол жеткізуге жол ашады.
Қауіптің кең тарала бастағанын ескерген комитет азаматтарға киберқауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ұсынады:
-
күмәнді сілтемелерге өтпеу;
-
жоғалған телефонның құлыптау экранында көрсетілетін байланыс үшін жеке бөлек электронды поша пайдалану;
-
SIM-картаны міндетті түрде PIN-кодпен қорғау;
-
құрылғыны тек ресми icloud.com/find сервисі арқылы ғана тексеру.
Құзырлы орган азаматтарды сақ болуға және интернеттегі күдікті мазмұндарға бейқам қарамауға шақырады.