Қоғам • Бүгін, 17:38

Оңтүстікте жеке күн электр стансасының саны 3,5 есе өсті

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстанда жеке күн генерациясына қызығушылық күрт артты. Аймақта күн электр стансаларын орнатқан кәсіпкерлер мен тұрғындар саны 3,5 есе көбейіп, желіге сатылған артыық энергия үшін төленген қаржы 200 млн теңгеден асты, деп жазады Egemen.kz.

Оңтүстікте жеке күн электр стансасының саны 3,5 есе өсті

Соңғы жылдары жеке тұтынушылар өз үйлері мен бизнес нысандарын күн энергиясымен толық қамтамасыз етіп, артығын электр желісіне кері сатып, табыс табатын нетто-генерация моделі кең тарала бастады. Бұрын энергожүйеде үлесі аз болған бұл бағыт бүгінде жаңа энергетикалық инфрақұрылымның маңызды құрамдасына айналып келеді.

Таратылған энергетика — жүйені жаңғыртудың жаңа кезеңі

Сарапшылардың айтуынша, еліміздің болашақ энергожүйесі ірі стансаларға ғана емес, мыңдаған шағын генерация көздеріне сүйенетін таратылған модельге көшіп келеді. Бұл:

  • жүктеменің жазғы шың кезеңінде төмендеуіне,

  • желілердің тұрақтылығының артуына,

  • электр сапасының жақсаруына,

  • энергия балансын икемді етуге жол ашады.

Оңтүстіктегі серпін: нақты деректер

«Қазақстандық коммуналдық жүйелері» тобының және Түркістан облысы мен Шымкентке қызмет көрсететін «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясының дерегі 2025 жылы аймақта құрылымдық өзгеріс болғанын көрсетеді.

Микрогенерацияның негізгі көрсеткіштері:

  • нетто-тұтынушылар саны: 22-ден 78-ге дейін өсіп, 3,5 еседен астам нәтижеге жетті;

  • орнатылған қуат: 2750 кВт → 7602 кВт;

  • желілерге берілген энергия: 2025 жылдың он айында 3,5 млн кВт·сағ,
    (2024 жылы — 910 727 кВт·сағ).

Экономикалық тиімділік және энергия қауіпсіздігі

Күн электр стансалары аймақтың энергия қауіпсіздігін нығайтып, пиктік сағаттағы жүктемені төмендетеді.

Қаржы нәтижесі де оң:

  • «Оңтүстік Жарық Транзит» желісіне нетто-тұтынушыларға төленген сома 200 млн теңгеден асты;

  • оның 120 млн теңгесі — 2025 жылдың алғашқы он айында.

Бұл кәсіпкерлерге салынған инвестицияның жылдам өтелуіне, шығындардың азаюына және нысандардың энергия тиімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

2026 жылға болжам

Қазіргі өсім қарқыны сақталса, келесі жылы:

  • нетто-тұтынушылар саны 100-ден асады,

  • күн стансаларының жалпы қуаты 10 МВт болады.

Бұл жылына 5 млн кВт·сағ-тан астам таза энергия өндіруге мүмкіндік береді.