Фото: ашық дереккөз
Ұлттық бюро статистикасының дерегінше, жылжымайтын мүлікке қатысты қызмет көрсету секторы соңғы бес жыл бойы үздіксіз өсіп келеді. Тек пандемияның алғашқы жылы 12 пайыздық төмендеу байқалған, ал кейінгі жылдары нарық жыл сайын 20 мен 39 пайыз аралығында өсім көрсеткен.
Өңірлер арасында Алматы айқын көш бастап тұр. 2025 жылдың алғашқы жартысында ел бойынша тіркелген өсімнің басым бөлігі осы қалаға тиесілі. Алматы қызмет көлемін 73,8 пайызға арттырып, 608,8 млрд теңгеге жеткізді. Бұл республика нарығының 44,2 пайызы. Екінші орында Астана тұр: 257,1 млрд теңге, өсім 26,7 пайыз. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Атырау және Қарағанды облыстары алғашқы бестікте.
Сектор ішіндегі ең табысты бағыт – тұрғын үйді жалға беру және басқару қызметтері. Оның көлемі 681,5 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 29,6 пайызға көбейді. Офистік ғимараттарды жалға беру және басқару бағыттары да айтарлықтай үлеске ие, бірақ көлемі тұрғын үй секторынан үш есе аз – 180,9 млрд теңге.
Ең жоғары өсім сауда және көпфункциялы орталықтардағы жалға беру қызметтерінде тіркелді. Бұл сегмент бір жылда жеті есеге жуық өсіп, 24,9 млрд теңгеден 176,3 млрд теңгеге дейін ұлғайды.
Қызмет көлемінің артуына бірнеше фактор әсер еткен. Біріншісі – жалға алу бағасының қымбаттауы. Бірақ баға 4 пен 10,5 пайыз аралығында ғана өскен. Екінші фактор – жалға берілетін нысандар санының және ауданының көбеюі. 2025 жылы пайдалануға берілген жаңа коммерциялық ғимараттардың жалпы ауданы 2,2 есе артқан: былтыр 2,3 млн шаршы метр болса, биыл бұл көрсеткіш 4,9 млн шаршы метрге жеткен. Сауда нысандары 59,3 пайызға, мәдени ойын-сауық орындары 84,4 пайызға, офис ғимараттары 22,5 пайызға артты.
Айта кетерлігі, нарықта ішкі құрылымдық өзгерістер де байқалады. Соңғы бір жылда осы салада қызмет көрсететін компаниялар мен жеке кәсіпкерлер саны 28 пайызға азайып, 6,9 мыңға түсті. 2024 жылы 4,3 мың жеке кәсіпкер тіркелгенімен, олардың үлесі жалпы қызмет көлемінің 27,1 пайызын ғана құрады. Керісінше, қызметтің 72,9 пайызы заңды тұлғаларға тиесілі болды.