Ұлттық статистика бюросы компьютер, ноутбук және өзге де цифрлық машиналар өндірісі былтыр бірден 2,3 есеге өскенін айтады. Алайда биылғы көрсеткіш кері бұрылып, төмендеу байқалды. Соңғы он жылдағы ең жоғары өндіріс көлемі 2020 жылға тиесілі. Ол кезде пандемия салдарынан қашықтан оқу мен жұмыс кең таралып, сұраныс күрт артқан болатын. Сол жылы 29,9 мың дана техника өндірілді.
Қаңтар мен тамыз аралығындағы мәліметтерге сүйенсек, отандық кәсіпорындар компьютерге деген ішкі сұраныстың 29,7 пайызын ғана өтей алды. Қалған 70,3 пайызы импорт есебінен жабылды. Қазақстанға 27,6 мың компьютер мен ноутбук әкелінсе, отандық өндіріс көлемі 11,6 мың дана болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға аз.
Экспорт көлемі де төмендеді. Биыл 577 дана компьютер сыртқа жөнелтілді, бұл өткен жылға қарағанда 22,6 пайызға аз. Ішкі нарықтағы сатылым да 30,6 пайызға кеміп, 38,6 мың дана деңгейінде қалып отыр.
Импорттың басым бөлігі Қытайға тиесілі. Елімізге әкелінген компьютерлердің 90,5 пайызы, яғни 25 мың дана Қытайдан жеткізілген. Қалған бөлігі Өзбекстан мен Ресейден келген. Экспортта да негізгі бағыт – Қырғызстан болып отыр. 327 дана техника осы елге жөнелтілген. Одан кейінгі орындарда Ресей мен Өзбекстан тұр.
Биыл елімізге компьютерден бөлек, 449,8 мың ноутбук пен 22,8 мың жеке компьютер жүйелері импортталды. Бұлардың да 90 пайыздан астамы Қытай өндірушілеріне тиесілі.
Әлемдік көрсеткіштер де Қытайдың абсолют үстемдігін көрсетеді. World’s Top Exports сайтының дерегінше, 2024 жылы әлем бойынша компьютер экспорты 532,5 млрд доллар болды. Оның 160,7 млрд доллары тек Қытайға тиесілі. Бұл жалпы көлемнің үштен бірі. Тек жеке компьютердің өзі 6,9 млн дана көлемінде сыртқа шығарылған.
Қытайдан кейінгі орындарда Тайвань, АҚШ және Гонконг тұр. Ал Қазақстан компьютер экспортында әлем бойынша 49 орынға жайғасқан. Еліміздің былтырғы компьютер және цифрлық машиналар экспорты 97,7 млн долларды құрады. Бұл көрсеткіш Қазақстанды Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан жоғары орынға шығарып отыр.