Фото: eldala.kz
Брифинг барысында Президент ауыл шаруашылығы ықпалдастықтың маңызды саласы саналатынына тоқталды.
«Қазақстан бидайын түрікмен нарығына жеткізу көлемін арттыруды егжей-тегжейлі талқыладық. Сонымен қатар өсімдік майы, макарон және ет-сүт өнімдерінің экспортын ұлғайтуға мүмкіндігіміз бар. Түрікменстан-Ауғанстан шекарасында астық терминалын салу перспективасын пысықтадық», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, энергетика саласындағы бірлескен жобаларға баса мән берілген.
Қазақстан түрікмен газын Қытайға тасымалдауда ұзақ жылдар бойы сенімді серіктес болып келеді. Бүгінгі келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар газды қайта өңдеу, көгілдір отын жеткізетін инфрақұрылымды дамыту жобалары аясындағы ықпалдастықты жалғастыруға уағдаласқан. Оған былтыр қол қойылған Газ саласын дамыту бойынша стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі келісім негіз бола алады.
Еліміз мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыру және ІТ технологияларды енгізу ісіндегі тәжірибесін ескере отырып, түрікмен тарапын аталған салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл сапар екі ел қарым-қатынасының тарихи кезеңіне бастау болады»
Бұдан кейін екіжақты қарым-қатынасты өрістетуде мәдени-гуманитарлық байланыстар ерекше орын алатыны айтылды.
«Қазақ халқы Астанада өткен Түрікменстанның Мәдениет күндері мен түрікмен халқының ұлы ойшылы Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдығына орай ескерткішінің ашылуын жылы қабылдады. Ашхабадта Абайға ескерткіш қойылуы халықтарымыздың достығы мен бір-біріне құрметінің тағы бір символы болды. Фестивальдер, гастрольдер және басқа да бірлескен іс-шаралар өткізу арқылы мәдениет саласында жан-жақты ықпалдастық орнату қажет екеніне тоқталдық. Ғылым-білім беру және жастар арасындағы байланысты дамыту перспективасы жан-жақты талқыланды. Түрікменстанда қазақстандық жоғары оқу орындарының бірінің филиалын ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсындық», деді Мемлекет басшысы.
Келіссөздер барысында президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша ұқсас ұстанымда екенін растаған.
«Өңірлік, сондай-ақ жаһандық ауқымда тұрақтылық, қауіпсіздік және орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін түрікмен тарапымен тығыз ықпалдастық орнатуға әзірміз. Консультативтік кездесулер өткізу, сондай-ақ Каспий теңізінің проблемасы жөнінде ықпалдастық орнату өте өзекті. Қазақстан Ашхабадтың бастамасы бойынша жарияланған Халықаралық бейбітшілік және сенім жылы аясында Түрікменстан өткізген іс-шараларды жоғары бағалайды», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында Президент Сердар Бердімұхамедовтің сапары Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестікті нығайтуға зор үлес қосатынына сенімді екенін жеткізді.
Сердар Бердімұхамедов мемлекеттер арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі кеңейтуге қатысты Түрікменстанның ұстанымымен бөлісті
«Екіжақты күн тәртібін талқылау барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән берілді. Өзара сауда-саттық аясын кеңейту және әртараптандыру, сондай-ақ өнеркәсіп кооперациясы саласында бірлескен ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін инвестициялық саясатты жандандыру мәселелері қарастырылды. Бұл ретте екі мемлекеттің бизнес қоғамдастықтары арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтудың маңызы зор. Энергетика – екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі. Түрікменстан бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыруға дайын. Сонымен қатар еліміздің электр энергиясы мен химия өнеркәсібіндегі серіктестікті нығайтуға айтарлықтай мүмкіндігі бар. Көлік және логистика өзара ықпалдастығымыздың стратегиялық сипатқа ие бағыты саналады. Қазіргідей күрделі геосаяси және геоэкономикалық ахуал кезінде Шығыс – Батыс және Солтүстік – Оңтүстік бағдарындағы көлік-транзит дәліздерінің жұмысын жандандыру аса өзекті», деді Түрікменстан Президенті.