ҮЕҰ еліміздің барлық өңірінде бар, бірақ олардың саны аймақтарда әртүрлі. 2024 жылы жұмыс істеп тұрған ұйымдардың үштен бірі Астана (4,1 мың) мен Алматыда (5,3 мың) шоғырланған. Сол себепті ҮЕҰ-ға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың шамамен 28%-ы дәл осы екі мегаполиске тиесілі болды.
ҮЕҰ жобаларын қаржыландыру көлемі бойынша Алматы алда. Өткен жылы қаладағы үкіметтік емес сектор 6,1 млрд теңге көлемінде грант игерді. Аймақтардың көпжылдық қаржылық динамикасы тұрақсыз болғандықтан, оларды салыстыру қиын.
Мемлекеттік қаржыландыру көлемі жағынан екінші орында Павлодар облысы (4,9 млрд тг) тұр. Сондай-ақ үздік бестікке Астана (3,3 млрд тг), Қостанай (3,2 млрд тг) және Ақтөбе (2,3 млрд тг) облыстары кірді. Қаржыландыру көлеміндегі айырмашылық өте үлкен. Мысалы, Абай облысында өткен жылы азаматтық сектор жобаларына небәрі 330,7 млн теңге бөлінсе, Маңғыстауда 348,5 млн теңге, Солтүстік Қазақстанда 420,3 млн теңге бөлінген. Бұл өңірлерде әлеуметтік мәселелер аз дегенді білдірмейді.
Жалпы, 2024 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясындағы қаржыландыру 33,6 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 25,7%-ға, ал бес жылда екі есеге артты.
ҰСБ дерегіне сәйкес, өткен жылы ҮЕҰ мемлекеттік тапсырыс аясында 2167 жоба жүзеге асырды. Грант саны бойынша көшбасшы қалаларға Қостанай және Павлодар облыстары кірді. Жобалардың 94%-ы қысқа мерзімді, яғни бір жылға ғана жоспарланған. Ұзақмерзімді жобалар саны өте аз.
ҮЕҰ негізінен мемлекет өзекті деп таныған әлеуметтік мәселелермен айналысады. 2024 жылы барлық жобаның ширегі әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетуге бағытталды (500 грант). Бұдан бөлек:
-
қоғамдық келісімді және ұлттық бірлікті нығайту – 227 грант;
-
жастар саясатын және балалар бастамаларын қолдау – 219 грант;
-
отбасылық-демографиялық және гендерлік мәселелерді шешуге жәрдемдесуге 155 грант бөлінген.
Қараша айында Қоғамдық даму институты (ҚДИ) мемлекеттік тапсырыс аясындағы ҮЕҰ әлеуметтік жобаларының тиімділігіне арналған зерттеу нәтижесін жариялады. Зерттеуде ҮЕҰ өкілдері мемлекеттік тапсырыс көбіне ескірген, өзектілігі төмен тақырыптар бойынша жарияланатынын айтқан. Олар ҮЕҰ экологиялық мәселелерді, қоғамдық инфрақұрылым мен ТКШ кемшіліктерін, жастар арасындағы девиантты мінез-құлықты, мектептегі буллингті, халықтың құқықтық және қаржылық сауатсыздығын шешуге көбірек жұмылдырылуы керек деп санайды.