Облыстық құрылыс және сәулет басқармасының мәліметінше, биыл қалалық мекендерде аталған санаттағы азаматтарға баспана сатып алуға бөлінетін қаржы біршама азайған. Есесіне ауыл тұрғындарын жаңа үймен қамтамасыз етуге басымдық беріліп отыр.
Басқарма басшысы Дидар Тілеубаевтың айтуынша, өткен жылы аудан орталықтарында аталған санаттағы азаматтарға бірде-бір үй сатып алынбаған. Ал биыл Әулиекөл ауданында 24 пәтер, Науырзым ауданында 25, Сарыкөлде 16, Бейімбет Майлин ауданында 12, Амангелдіде 12, Ұзынкөлде 10 пәтер сатып алу жоспарланып отыр.
Өңірде бюджет қаржысына 14 көп қабатты тұрғын үй салынған. Бұл үйлерге тұрғындар жеңілдетілген несие ресімдеу арқылы қоныстанып жатыр. Жыл соңына дейін Қостанайдағы «Береке» шағын ауданында 40 пәтерлі тағы бір үй ел игілігіне берілмек. Аталған шағын ауданда тағы үш үй салынып жатыр. Сонымен қатар, Тобыл қаласында көп қабатты 13 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бұл үйлер 2026 жылы пайдалануға беріледі.
Қостанай облысы