Қоғам • Бүгін, 08:12

Өнерден өріс тапқан азамат

110 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сөз бен саз құстың қос қанатындай бірін-бірі толықтырып, егіз қозыдай жамырасып-жарасып жатса, туындыгер мұратының орындалғаны емес пе? Өлеңнен өзіне тән өрнек іздеген Олжас Отар бойына сөз бен саз қуатын қатар қондырып, көптің ықыласына бөленіп жүрген жан. Оны жұрт эстрададағы ел жүрегіне жол тапқан танымал ән мәтіндерінің авторы ретінде, айтыс сахнасында орамды ой айтқан ақын ретінде біледі.

Өнерден өріс тапқан азамат

Қанында бар қазаққа жыр таң емес десек те, өлең өлкесіне ат байлап, өнерден өріс тапқан азаматтың арғы жағын қаза түскенде ел аузында жиі айтылатын: «Алыс ауыл арасын жақын қылған нағашы, ақкөңілді баласын ақын қылған нағашы», деген жолдар ойға оралады. Олжастың ән мен жырға жақын болуына туған жер, өскен орта, сіңірген тәрбиемен қатар айтыс сахнасында маңғаз мақамымен танылған Шорабек Айдаровтың, сол секілді Асқарбек Айда­ров, Рафаэль Ниязбеков сынды сөз ұстаған нағашыларының әсері болғанға ұқсайды.

– Рухани болмысымыздың бағдарын айқындап беретін бала күнгі әсерлер екен ғой. Тай мініп, асық ойнаған ауыл баласымыз. Әжелеріміздің өнегесін сіңіріп өстік. Апам Мәйке Айдарова жүрген жерін думанға бөлейтін, тойға барса той бастайтын, қара өлеңге келгенде ешкімге дес бермейтін рухани қуаты мықты адам еді. Сол кісіден алғаным көп. Балаң көңілмен жазған алғашқы өлеңдеріме нағашым Рафаэль Ниязбеков жақсы баға беріп көтермелесе, туған нағашым Шорабек Айдаров мені айтыс өнеріне баулыды. Олардың өнегесі өзіме үлкен мектеп. Солардың алғауынан бала арманымызға от жақтық, алыс­ты көздедік, өнерге келдік, өмірге талпындық. Әдебиет пен өнер адам жанын байытатын сиқырлы күш, – дейді кейіпкеріміз.

пп

1991 жылы алғаш айтыс сахнасына шыққан Олжас Отар күні бүгінге дейін талай жыр додасында оза шауып, асығы алшысынан түсті. 1998 жылы Қызылжар қаласында өткен республикалық айтыста үздік өнер көрсетіп, 2002 жылы студент жастар арасында ұйымдастырылған «Жас толқын» атты республикалық айтыстың І орын иегері атанды. Абай Құнанбайұлы мен  Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық, Мұхтар Әуезовтің 100 жылдық мерейтойларына бай­ланыс­ты өткізілген аймақтық ақындар аламанының алғы шебінен көрінді. 2005 жылғы «Жасампаз елдің ертеңі – жастар» айтысында, 2006 жылы өткен «Желтоқсанды жырлаймын» атты облыстық ақындар айтысында жүлдегерлер қатарынан табылды. 2016 жылы Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған «Мың жасаған шаһар» атты халықаралық ақындар айтысында үздік өнер көрсетіп арнайы жүлдені, 2017 жылы «Туған жер – алтын тұғырым» атты республикалық ақындар айтысында ІІІ орынды еншіледі. Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен халықаралық ақындар айтысына елімізден жолдама алған 6 ақынның бірі болып барып, шетелдегі қазақтардың алғы­сын арқалап қайтқаны да бекзат өнердің шарапаты. Айтыстың арқасында екі мәрте өнер және қоғам қайраткерлерінің қатарында қасиетті Мекке-Мәдинаға табаны тигені де бір мерей.

Олжастың шығармашылығы жас­тармен үндес, себебі ол сол ұрпақтың үні мен тынысын дөп сезінеді. Әсіресе патриоттық рухтағы әндері, махаббат лирикасы мен өмір шындығын арқау еткен туындылары ел арасында кең таралған. Өзі сөзі мен әнін жазған «Шыда, жүрек», «Жылдар мен жолдар», «Ана-Әке», «Аға», «Ағайын», «Балалық шақ» секілді туындыларын тыңдарман жылы қабылдағанына қарамастан, «Өзімді пәлендей сазгер ретінде сезінбеймін. Бәлкім әуесқойлық шығар. Қаннан берілген қасиет қой, тамырыңда бүлкілдеп, жазбасыңа қоймайды», деуін кейіпкеріміздің қарапайымдылығына баладық.

 Оның жүрек қылын шертетін жұқа-жұмсақ лирикасы әсем әнмен жым­дасқанда көңіл тербейді. Ол сөзін жазған әндер, жастар жүрегін жаулап, талай әншінің жұлдызын жақты. Атап айтқанда, «Ақтамақ», «Ұмыттың ба?», «Қанатыңның түсі», «Көріскенше менің, аяулым», «Ақ бұлттар», «Сен жайлы», «Ақ құсым», «Тараздың арулары» және басқа әндерді қазақ эстрадасының танымал әншілері Бағдат Сәмединова, Елмұра Жаңабергенова, Мұқасан Шахзадаев, Саят Медеуов, Досымжан Таңатаров, Құрмаш Махан, Абай Бегей, Индира Расылхан, Жұлдызай Дүйсенбиева, Мәдина Сағынбекова, Маралбек Бабақұлов, Ғани Мәтебаев, Қайрат Нұртас, Ернар Айдар, Сержанәлі Әлібек, Әлішер Каримов, Асылжан Түзелбек, Ринат пен Перизат, «Жалын», «Астана», «Меломан», «Әдемі-Ай» топтары, т.б. эстрада саңлақтары орындап жүр. 2011 жылы республикалық «Ел арна» телеарнасының ұйымдастыруымен өткен «Саз әлемі» бағдарламасында Қайрат Нұртастың орындауы­мен «Жылдың үздік әні» атанған «Ауыр­майды жүрек» әнінің сөзін жазған автор ретінде өнердегі қанаттас-қаламдастары оны «Қазақстанның бас кардиологі» атап кеткені бар.

вв

Экономист-қаржыгер мамандығын алып, күні бүгінге дейін еліміздің Мемлекеттік қызмет саласында абыройлы еңбек етіп жүрген азамат қаламнан бір сәт қол үзген емес. Олжас Отар – сөз бен саздың жарасымын ғана емес, ұлттық рух пен заманауи ойды қатар өріп, жаңа буын өнер иелеріне жол ашып жүрген азамат. Сазгерлермен үйлесімді тандем құра отырып, сахнаға жаңа леп әкелген автордың шығармашылығы – бүгінгі қазақ мәдениетінің көркем бір парағы десек, артық айтқандық болмас.

Желтоқсанның 9-ы күні, Респуб-лика сарайында Олжекеңнің «Ауыр­майды жүрек» атты жеке шығар­машылық ән кеші өтпек. Кеш аясында ақынның сөзіне жазылған ең таңдаулы әндер мен жаңа туындылар алғаш рет көпшілікке ұсынылады. Сахна төрінде қазақ эстрадасының ең таңдаулы өкілдері: Майра Ильясова, Бағдат Сәме­динова, Талғат Күзембаев, Мұ­қасан Шахзадаев, Құрмаш Махан, Саят Медеуов, Досымжан Таңатаров, Қайрат Нұртас, Ернар Айдар, Әлішер Каримов, Бауыржан Исаев, Абай Бегей, Ақбота Керімбекова, Индира Расылхан, Жұлдызай Дүйсенбиева, Қанат пен Света, Тоқтар мен Бейбіт, Мирас пен Құралай, «Астана», «Меломен», «Әдемі-ай» топтары, тағы да басқа өнер жұлдыздары ән шырқайды. Өнер мен сезім тоғысқан кеш – автордың тынымсыз шығармашылық еңбегінің жемісі.

 

АЛМАТЫ