Қоғам • Бүгін, 12:36

Дроппер болудың салдары қандай?

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Интернет алаяқтығы күрт көбейді. Алаяқтар халықты алдау үшін түрлі тәсіл қолданады. Сол схемалардың ең жиі тарағаны – дропперлерді пайдалану, деп жазады Egemen.kz.

Дроппер болудың салдары қандай?

Фото: ашық дереккөз

Абай облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі Әсет Егеубаев дропперліктің қандай қауіп төндіретінін түсіндіріп берді.

«Дроппер дегеніміз – өз атына банк картасын немесе онлайн әмиян ашып, оны бөтен адамға пайдалануға беретін тұлға. Бұл карталар көбіне ұрланған ақша мен заңсыз операцияларды жасыру үшін қолданылады. Көп адам карта беруді қарапайым көмек деп қабылдайды. Бірақ картаңызды бөтен адамға берсеңіз, сіз сол адамның жасаған қаржылық қылмысына қатысқан боласыз. Бұл жай ғана абайсыздық емес, тікелей қылмыстық схемаға қосылу» деді ол.

Дроппер болудың салдары ауыр. Қолданыстағы заң бойынша картасын берген адам міндетті түрде жауапкершілікке тартылады. Тергеу барысында дроппердің әрекеті алаяқтыққа көмектесу, ақшаны заңдастыруға қатысу немесе қылмыстық топтың бір бөлігі ретінде қаралуы мүмкін. Қандай жағдайда да іс қылмыстық сипатта болады және жазаның түрі жеңіл емес. Айыппұл көлемі үлкен болуы ықтимал. Сонымен бірге бостандығын шектеу жазасы немесе ауыр жағдайда бас бостандығынан айыру жазасы да қолданылады.

«Картаңызды пайдалануға берсеңіз, ол карта арқылы жасалған кез келген заңсыз аударым сіздің атыңызға тіркеледі. Тергеу алдымен карта иесін табады. Сол кезде ештеңеден хабарсызбын деу жауапкершіліктен құтқармайды. Бұл өте ауыр салдары бар әрекет. Мұқият болу керек. Бөтен адамның өтінішімен карта ашу, дайын картаңызды беру, шотыңызды пайдалануға рұқсат етпеңіз. Неғұрлым қауіпсіз шешім – картаңызды ешкімге бермеу, күмәнді ұсыныстардан бас тарту және қаржылық деректеріңізді қорғау. Банк картасы тек сіздікі. Оны бөтен адамға беру өз болашағыңызға қауіп төндірумен тең», деп түсіндірді Ә. Егеубаев.