Енді маңғыстаулықтар мобильді оқыту орталығы арқылы бірнеше мамандықты меңгеру мүмкіндігіне ие. Маңғыстау облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, орталық аспаз-кондитер, шаштараз, тігінші мамандықтары бойынша кәсіби дайындық курстарын жүргізуге қажетті құрал-жабдықтармен, аспаптармен толық жабдықталған.
Мобильді оқу орталығы шалғай ауылдардағы азаматтарды жұмысшы мамандықтарға оқытуға өте ыңғайлы, себебі сол жерге барып, жабдықталған жылжымалы оқу орталығында тәжірибеге негізделген оқу мүмкіндігін ұсынады.
– Негізгі мақсат – кәсіби дағдыларды күшейту, өз ісін ашуға жағдай жасау, облыс бойынша қызмет көрсету саласындағы жұмысшы мамандықтарды дамыту. Курстардың ұзақтығы бағдарлама бағыты мен көлеміне қарай 1 айдан 6 айға дейін созылады. Сабақтарды тәжірибелі өндірістік оқыту шеберлері мен арнайы пән мұғалімдері жүргізеді. Оқыту топтық форматта өтеді, бір топта орта есеппен 8–10 адам болады, – деді аталған колледж директоры Ілес Нұрадинов.
Мобильді оқыту орталығы ауылдық жерлердегі сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын меңгеруге мүмкіндік береді. Мамандықты игерген соң, олар кәсіпкерлік дағдыларын дамытып, өз бетімен жұмыс істей алады. Әрі қарай тапсырыс қабылдап, бизнес-гранттарға қатысуға мүмкіндік туады. Орталық тәжірибелік дағдыларды жетілдіруге, еңбек нарығында сенімді болуға көмектеседі.
Қазір мобильді оқыту орталығының қызметін жаңа бағытта кеңейту жоспарланып отыр. Бұған дейін орталықтың негізгі бағыты қысқамерзімді кәсіби оқыту мен курстық дайындық өткізу болса, ендігі мақсат – оқыту саласын кеңейту әрі жаңа жұмыс формаларын енгізу.
Осы бағыттардың бірі ретінде ауылдық елді мекендердегі мектеп оқушыларымен кәсіби бағдар беру жұмыстары қарастырылып жатыр. Бұл бастама оқушыларға мамандықты саналы түрде таңдауға, болашақ кәсіби мақсаттарын анықтауға мүмкіндік береді.
Колледж директорының орынбасары Айнат Бақытжанқызының айтуынша, бұл жоба ауыл тұрғындарының сапалы білімге қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
– Оқыту орталығы 4 түрлі мамандық бойынша арнайы жабдықталған. Атап айтқанда, оқыту аспаз, кондитер, шаштараз, тігін бағыттарын қамтиды. Ауыл тұрғындары алдын ала өтінім қалдырса, біз кез келген елді мекенге барып, сабақ өткіземіз. Курс аяқталған соң қатысушыларға куәлік табыстаймыз. Барлық оқу құралдары мен қажетті өнімдер колледж тарапынан ұсынылады. Оқыту аяқталғаннан кейін сертификат беріледі, дейді ол.
Бүгінге дейін мобильді орталық 3 ауылды аралап, 100-ден аса адамға білім берген. Алдағы уақытта жоба аясында басқа да аудан, ауылдарға бару жоспарланып отыр.
Бұл бастама — мобильді оқытудың өңірде дамып келе жатқан жаңа бағыты. Ол ауыл жастары мен тұрғындарына елді мекенінен шықпай-ақ, жаңа кәсіп меңгеруге мүмкіндік беріп отыр.
Маңғыстау облысы