Орталығына әулие Мәшһүр Жүсіптің есімі берілген Жаңажол ауылдық округіндегі соңғы өзгерістерді байқамау мүмкін емес. Мұнда кейінгі бес жылда ауыл халқының тұрмысын арттыруға, көріктендіруге маңыз беріліп, іргелі іс тындырылды. 2021 жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында орта мектеп пен медициналық пункт күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңаша келбетке ие болды. Ауыл ішіне асфальт салынып, жарық шамдары орнатылды. Қазір түнгі уақытта самаладай жарық болып тұрады. Кейін орталықтандырылған ауызсу жүйесі тартылып, округке қарасты барлық ауылда (Мәшһүр Жүсіп, Қарашоқы, Бүркітті) ұялы байланыс қосылды. Мұнда бүгінде жалпы саны 600-дің үстінде халық бар.
– Бозбала шағымызда ел үлкендері ауылға билік өкілдері келсе, көбіне жеке мәселемен барып жолығатын. Қазір ауыл халқы әкімдерге ортақ, қоғамдық мәселелермен келеді. Тек кейде ауылдан үй салуға жер алу үшін азаматтар хабарласады. Бұл жағдай ел тұрмысының артқанын білдірсе керек. Әрине, жетім балалар асырап отырған, көпбалалы отбасылар баршылық. Оларға жөнімен көмек көрсетіледі. Қазіргі адамдардың ойы – ауылды түлету, жаңадан жұмыс орындарын құрып, ауылды одан әрі жайлы ете түсу, – дейді Сәбит Мұратұлы.
Келер жылы ауылға оптикалық талшықты желі тартылып, ауыл халқы сапалы интернет көзіне қосылады деп күтіліп отыр. Жуықта аудан әкімі халықпен кездесуінде көтерілген тағы бір мәселе – жергілікті қоқыс полигонының маңайын қоршау. Ол бойынша сметалық құжаттар әзірленіп, бюджетке өтінім жіберілген. Ол да келер жылы шешімін табады деген сенім зор. Биыл Қарашоқы ауылының көшелеріне асфальт төселіп, жарық шамдары қойылды. Аумақта 38 шаруа қожалығы, 6 жеке кәсіпкерлік, 1 ЖШС мал шаруашылығымен шұғылданады. Мәшһүр Жүсіп ауылынан 18 шақырым жерде Жарлыкөл деп аталатын көл бар. Оны «Болашақ» шаруа қожалығы жалға алып, бүгінде тұқы, ақ амур, алабұға, мөңке балықтары, шаян өсіріледі. Көлде балық қоры мол болуына байланысты әуесқой балықшылар бір шеті Павлодар мен Қарағанды, бір шеті Астанадан үзбей келіп жатады.

Биыл ауылға жақын жердегі 2 355 гектар лимандық жер қалпына келтірілді. Бұл алқаптар сонау кеңес заманынан бері бұзылып, пайдаланусыз жатып қалған. Енді ауыл халқы лимандарға ала жаздай төрт түлігін жайып, қысқа қажетті мал азығын шауып алады. Екінші тұрғыдан лимандар жазғытұрым Ащысу өзені арқылы мол су лап қойғанда кішігірім суқоймасының рөлін атқарады. Қызыл судың көп бөлігі осы жерде іркіліп, қалып қояды. Нәтижесінде, бұрынғыдай автожолдар мен елді мекендерге тасқыннан қауіп төнбеуі керек. Жақын жылдары мұнда көпжылдық шөптерді егу көзделіп отыр. Нәтижесінде, кәдімгідей қорық пайда болып, 2 адам қосымша жұмыс орнымен қамтылады. Осылайша, инженерлік құрылыс ауыл экономикасына жаңа серпін сыйламақшы.
Мәшһүр Жүсіп ауылы биыл «Ішімдіксіз ауыл» атанды. Ауылдағы екі дүкеннің иесі ішімдік атаулыны сатудан бас тартып, билікпен, құқық қорғау органдарымен арнайы меморандумға отырған. Ұрлық деген атымен жоқ. Ел азаматтарының бірігуімен мешіт те жөнделіп, имандылыққа ұйып жүргендер көбейе түскен. Ал 2022 жылы қазақ энергетикасының атасы Шапық Шөкиннің атына ашылған мұражай бүгінде келімді-кетімді меймандар жиі баратын орынның біріне айналған. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 8 бейнебақылау камерасы орнатылған.
Тағы бір жетістік, ауыл халқының тазалыққа мән беретінін байқаған облыс экологтері жыл сайын ұйымдастырылатын аймақтық «Үлгілі ауыл» байқауында жеңімпазға берілетін жүлденің бірін Мәшһүр Жүсіп ауылына тағайындап, нәтижесінде 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табыс етілді. Бұған қоса бонустық трансферт бөлінді. Бұл байқау Мемлекет басшысының назарындағы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылғанын атап өтейік.
– Осы қызметке келген күнімнен бастап әулие бабамыз Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шарапатын сезінемін. Қандай тәуір іс бастамайық, жолымыз болып жүріп кетеді. Ғұламаның шөбересі Абай Шәрәпиевтің бас болуымен Мәшһүр Жүсіптің қонысы болған Сарыбұлақта ағаш отырғызу, көріктендіру жұмыстары үзбей жүріп жатыр. Тек биыл демеушілер қаражатына 170 түп қарағай, жеміс ағашы отырғызылды. Тіпті ол жерге күн панельдері қойылып, оған жалғанған сорғы жас көшеттерге тамшылату арқылы су жеткізіп тұрады. Атамыздың кесенесі басында мәжіліс залы салынды. Қара күз түскенше апта сайын ауылымызда сенбілік ұйымдастырылады. Бір қуантарлығы, келер жылы әкімдікке су жаңа қызметтік көлік беріледі. Бұған дейін ауылдық медпунктке де жаңа жедел жәрдем көлігі алынған. Мұндай игіліктер біздің жұмысымызды алға бастырады, – дейді ауыл басшысы.
Ауыл балалары мен жастары – спортшыл. Волейболдан көптеген шебер ойыншы өсіп шығып, еліміздің белгілі командаларында ойнап жүр. Атап айтқанда, Серік Асқар «Атырау» волейбол клубының, Айзат Азмахан «Ұшқын-Көкшетау» клубының – белді ойыншылары.
Мектеп оқушыларының роботтехникаға әуестігі де көрген жанды тамсантады. Физика және информатика мұғалімі Асқар Аюпов балаларды роботбағдарламалау тіліне талмай үйретіп жүр. Ал ауыл тұрғындары балаларының сабақтан бос уақытында пайдалы әрі келешегі зор ғылым түрімен шұғылданатынына дән риза. Мұнда біраз жылдан бері роботтехника сабақтары тек информатика пәні аясында ғана оқытылып қоймайды, апта сайынғы үйірме түрінде де жалғасып келеді. Түрлі механикалық тетіктер мен жаңа технологияларды жасанды интеллектімен байланыстыратын қолданбалы өнерге бой ұрған жас ұрпақтың қазірде қол жеткізген жетістіктері де аз емес. Ауылдық мектеп ішінен құрылған командалар республикалық, облыстық роботтехника турнирлерінде топ жарып жүр.
Айрандай ұйыған Мәшһүр Жүсіп ауылының бүгінгі тірлігі – осы. Келешекте әкім мен ауыл адамдары бірлесіп, сырттан келетін туристер үшін қызмет көрсету орындарын ашуды да мақсат етіп отыр. Келер жылы мұнда аспан астындағы этнографиялық музей құрылады деп жоспарланған. Мәшһүр ата ауылындағы жоба-жоспарлар орнымен орындалып, қазақтың тағы бір ауылының жұлдызы жарқырай берсін деген тілек айтамыз.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы,
Мәшһүр Жүсіп ауылы