Спорт • Бүгін, 16:50

XXV жазғы Сурдлимпия ойындарын Қазақстан неше медальмен аяқтады?

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

26 қарашада Жапонияның бас шаһары Токиода XXV жазғы Сурдлимпия ойындары мәресіне жетті. Оған қатысқан ұлттық құрама 8 алтын, 4 күміс, 13 қола, барлығы 25 медаль жеңіп алды, деп жазады Egemen.kz.

XXV жазғы Сурдлимпия ойындарын Қазақстан неше медальмен аяқтады?

Фото: Turizm jane sport ministrligi

Медаль саны бойынша ең үздік көрсеткішті тіркеген сурдо дзюдошылар 5 алтын, 2 күміс, 4 қола жүлдеге қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Осылайша, еліміздің сурдо дзюдо тарихындағы ең жоғары нәтижемен тарихи әрі рекордтық жетістікке қол жеткізілді.

Ал, еркін күрес шеберлері 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль иеленіп, грек-рим күресінің өкілдері толық медаль жиынтығын (алтын, күміс, қола) еншіледі.

Жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасы 1 алтын және 1 қола медаль иеленді. Фаина Мейірманова биіктікке секіру сайысында 1,79 метр нәтижемен Сурдлимпиада чемпионы атанып, жарыстың рекордын жаңартты.

Ал, таеквондо шеберлері 3 қола медаль салса, үстел теннисінен ерлер құрамасы командалық есепте қола жүлдегер атанды.

Сала министрлігіне қарасты Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаевтың айтуынша, жарыстың алғашқы күнінен Қазақстан құрамасы үздік 5 елдің қатарынан көрінді.

«Бұл – мүмкіндігі шектеулі жандар спортының жүйелі дамып келе жатқандығының әрі мемлекеттік қолдаудың нәтижесі. Спортшыларымыздың әлеуетін арттыруға және жоғары нәтижелерге жетуіне жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырамыз», деді Н.Есембаев.

Министрліктің мәліметінше, байрақты бәсекеде 81 елден келген 3 000-ға жуық спортшы 21 спорт түрі бойынша 209 дисциплинада өзара мықтыны анықтаған. Қазақстан құрамасынан 78 спортшы 8 спорт түрінен сайысты.