Парламент • Бүгін, 19:54

Мәжіліс спикері Аустрия Парламентінің төменгі палатасы төрағасының орынбасарын қабылдады

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанаға жұмыс сапарымен келген Аустрия Республикасы Федералды Жиналысының Ұлттық кеңесі төрағасының орынбасары Петер Хаубнер Мәжіліске келді. Палата спикері Ерлан Қошановпен кездесуде тараптар парламентаралық байланысты нығайту жолдарын талқылады, деп жазады Egemen.kz.

Мәжіліс спикері Аустрия Парламентінің төменгі палатасы төрағасының орынбасарын қабылдады

Мәртебелі мейманды қарсы алған Мәжіліс төрағасы Вена Астананың Еуропадағы маңызды серіктесі екенін, ал екі елдің парламентшілері саяси диалогты нығайтуға белсене атсалысып жүргенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Аустриямен тиімді әрі әртарапты ынтымақтастықты дамытуға үлкен мән береді. Осы орайда, Парламенттік дипломатия желісі бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Биыл қыркүйек айында біз Аустрия Ұлттық Кеңесі мен Ауылшаруашылық кластері делегациясын қабылдадық. Бүгін сіздермен жүздесіп отырмыз. Бір-бірімізді жақсырақ тануға және қарым-қатынас орнатуға деген талпынысымыз – екі халық арасындағы сапалы ынтымақтастықтың кепілі, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс спикері мейманға елімізде жүріп жатқан реформалар мен экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету бағытындағы заң шығару жұмысы туралы айтып берді. Атап айтқанда, жаңа Бюджет, Салық, Су және Құрылыс кодекстеріне, креатив индустрияларды дамыту, жер қойнауын пайдалану  мәселелері жөніндегі заң жобаларына және тағы басқа құжаттарға тоқталып өтті. Депутаттардың алдағы үш жылда Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыру туралы Президент тапсырмасын іске асыруға қатысты жұмысына ерекше назар аударылды.

Өз кезегінде Петер Хаубнер екі ел арасындағы берік қарым-қатынастың кепілі болатын парламентаралық диалогты жан-жақты нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Ол цифрландыру саласында және осы бағыттағы ең озық жобаларды енгізу бойынша Қазақстан мен Аустрия арасында тәжірибе алмасу мүмкіндіктері зор екенін айтты. Сонымен қатар аустриялық кәсіпкерлер Қазақстанмен ынтымақтастық аясын кеңейтуге үлкен қызығушылық танытып отырғанына, депутаттар өз тарапынан бұған үлкен қолдау көрсете алатынына назар аударды.

Әңгіме барысында тараптар достық топтары, салалық комитеттер мен аппараттар арасындағы ортақ жұмысты күшейту жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ, Парламентаралық Одақ, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы және Еуропа Кеңесі аясында өзара іс-әрекетті нығайту жолдарын талқылады.

Депутаттар сауда, машина жасау, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика және басқа да мәселелер бойынша екі елдің ынтымақтастығын дамытуға жан-жақты ықпал етуге уағдаласты.