Боксшы өзінің Х әлеуметтік желісіндегі жазбасында алдағы қарсыласының деңгейін атап өтіп, жанкүйерлеріне нақты уәде берді.
«Лара менің деңгейімдегі боксшымен әлі жұдырықтасқан жоқ. Ол «Жәнібек менің деңгейімде ешкіммен жекпе-жекке шықпады» депті. Бірақ мен де айта аламын, ол да менің деңгейімдегі боксшымен кездескен жоқ. Мен жыл нокаутын жасаймын», деп жазды Жәнібек Әлімханұлы.
Боксшы жазбасына теңіз жағасында түсірілген суретін қоса жариялаған.
Шаршы алаңдағы жекпе-жек орта салмақтағы төрт негізгі чемпиондық белбеудің үшеуі үшін өтеді. Бәсеке АҚШ-тың Техас штатындағы Сан-Антонио қаласында орналасқан Frost Bank Center аренасында ұйымдастырылады. 42 жастағы Эрисланди Лара тәжірибесі мен тактикалық шеберлігімен танымал және Жәнібектің карьерасындағы ең күрделі қарсыластардың бірі саналады.