Саясат • Бүгін, 08:58

Қаржы ұйымдарымен сындарлы әріптестік жалғасады

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Үкімет үйінде Үкіметтің халықаралық қаржы ұйымдарымен (МҚҰ) ынтымақтастық жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Жиынға Дүниежүзілік банктің (ДБ), Халықаралық қаржы корпорациясының (ХҚК), Азия даму банкінің (АДБ), Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ), Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ), Ислам даму банкінің (ИДБ) өкілдері қатысты.

Қаржы ұйымдарымен сындарлы әріптестік жалғасады

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үйлестіру кеңесіне Премьер-министр басшылық етті. Кеңес құрамына сондай-ақ Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Ерболат Досаев, Стратегиялық жоспар­лау және реформалар агенттігі­нің төрағасы Әсет Ерғалиев енді. Отырыс жұмысын ашқан Олжас Бектенов халықаралық қаржы инс­титуттарының құрылымдық рефор­маларды жүзеге асырудағы әрі экономиканың сапалы өсуіне бағытталған озық тәжірибелерді енгізудегі стратегиялық рөлін атап өтті.

«Үйлестіру кеңесінің жұмы­сын және халықаралық қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимыл тетік­терін қайта форматтау ел Пре­зи­дентінің тікелей тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатыр. Бұл мемлекеттің беделді қаржы инс­титуттарымен ынтымақтастық­қа қаншалықты деңгейде көңіл бөлетінін көрсетеді. Бізде бірлесіп жүзеге асырылған табысты жобалар мол. Десе де, одан да көп іс жасауға болатынына сенімдімін. Еліміздің әлеуеті өте зор, сіздердің қолдауларыңызбен оны барынша жүзеге асыра аламыз деп ойлаймын», деді О.Бектенов.

Күн тәртібінде – ел экономикасына мультипликативті әсер беретін жобаларға халықаралық қаржы ұйымдарының қатысуын арттыру мәселесі. Жиында мемлекеттік-жекеменшік әріптес­тікті нығайту саласына қатысты нақты бастамалар, ел өңірлерінің қаражатты өз бетінше тарту мәселелері қаралды. Сондай-ақ көлік әлеуетін одан әрі дамыту, микро, шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылық қолдау бағдарламаларын кең ауқымда тарату бойынша МҚҰ-мен бірлескен бірқатар жоба ұсынылды.

МЖӘ тетігін қолдану мәселесін талқылау барысында «Мем­лекет­тік-жекеменшік әріптестік туралы» заңның жаңа редакциясы атап өтілді. Ол бірқатар рәсім­ді оңтайландыру арқылы жоба­лардың сапасын арттыру әрі жос­парлау мерзімдері мен бюджеттік шығыстарды қысқарту үшін «Бағдарламалық МЖӘ» тетігін енгізуге бағытталған.

ХҚК-мен бірлесіп бүгінде энергетика, денсаулық сақтау, білім беру, сумен жабдықтау мен көлік салаларында 7 ауқымды жоба жүзеге асырылып отыр. Жалпы сомасы 2,7 трлн теңгеге 1 100-ден астам МЖӘ шарттары (аяқталғандарын қоса алғанда) жасалды.

Халықаралық қаржы корпора­циясының еліміздегі өкілі Зафар Хашимов нормативтік-құқық­тық базаны одан әрі жетілдіруге, жобаларды конкурстық іріктеу рәсіміне, халықаралық алаң­дар­да Қазақстанның инвестиция­лық мүмкіндіктерін белсенді ілгерілетуге қатысты ұсыныстарын айтты.

«Азия даму банкі Қазақстан­ның серіктесі болып саналады және Үкіметті, оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік үшін жағдайды жақсарту жөніндегі бастамаларды қолдауға дайын. Біз МЖӘ жобаларының пулын анықтауды маңызды деп санаймыз. Бұл сенімді инвесторларды тартуға көмектесіп, қазақстан­дық нарықтағы бәсекелестікті күшейтуге ықпал етеді. Аталған тәсіл АДБ-ның бұған дейінгі берген ұсынымдарына сәйкес келеді әрі біз МЖӘ орталығының осы маңызды кезеңді ілгерілетудегі белсенді рөлін жоғары бағалаймыз», деді АДБ өкілдігінің директоры Утсав Кумар.

ЕҚДБ-ның Қазақстандағы бас­шысының орынбасары Асқар Намазбаев валюталық тәуе­келдерге бюджет бөлу, әкімші­лік кедергілерді қыс­қар­ту, инфрақұрылымдық жоба­ларды жүзеге асыру кезінде МЖӘ тетік­терін пайдалану мен тағы да басқа мәселелерді көтерді. Сол мәселелер бойынша Премьер-министрдің орынбасары – Ұлт­тық экономика министрі Серік Жұманғарин, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Ерболат Досаев пікір білдірді.

Премьер-министр ТКШ саласында, оның қатарында «Энерге­тикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде, сондай-ақ цифр­лық технологияларды дамыту мен жасанды интеллектіні енгізу саласында халықаралық қаржы институттарымен әріптестіктің маңызды екенін айтты.

Отырысқа қатысушылар респуб­ликалық маңызы бар қалалар­дың инвестициялық жобаларға қаржыны өз бетінше тарту тетігін талқылау барысында Үкіметтің өңірлердің бюджеттік дербес­тігін нығайту жөніндегі дәйекті жұмысын атап өтті. Бірқатар салық түсімі республикалық деңгейден жергілікті деңгейге берілді. Жаңа Бюджет кодексінде жергілікті бюд­жеттердің қаржылық өкілет­тіктерін кеңейтетін әрі олардың тұрақтылығын арттыратын нормалар бекітілген. Бүгінде Алматының Халықаралық қаржы институттарынан тікелей қарыз алу мүмкіндігі бар. Fitch халықаралық агенттігінің қаланың кредиттік рейтингін «BBB+»  деңгейінде растауы да сырт­қы қаржыландыруды тарту үшін қо­лайлы жағдайларды қам­та­­масыз етеді. ХҚК және ЕҚДБ өкіл­дері Алматының экологиялық жоба­ларын жүзеге асыруға қолдау көр­сетуге дайын екендіктерін білдірді.

Дүниежүзілік банктің инвести­циялық кепілдіктер бойынша берілетін қарыз қаражатын тарту арқылы «ҚТЖ» ҰК-ның күрделі салымдар бағдарламасына назар аударылды. Онда теміржол желілерін реконструкциялау, қалпына келтіру, жөндеу, локомотивтер мен жолаушы вагондарымен қатар, электр жылжымалы құрамын сатып алу қарастырылған.

Дүниежүзілік банктің Қазақ­стан­дағы тұрақты өкілі Андрей Михнев елдің транзиттік әлеуетін күшейтудің маңыздылығына тоқталып, осы бағдарламаға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Кәсіпкерлік қыз­метті ынталандыруға бағытталған «Өрлеу» бағдарламасы аясында «Бәйтерек» пен АДБ арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Осы бағдарлама бойынша келесі жылы ШОБ-ты жеңілдетілген мөлшерлеме­мен қаржыландыруға қосымша қаражат бөлу жоспарланып жатыр. Бұл өңірлерде жаңа жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз етеді.

Үкімет айналасында шағын және орта кәсіпкерлік белдеуін дамытатын, экономиканың өсіміне және елдің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған ірі жобаларды қолдайды. Бұл ретте ШОБ – халықты жұмыспен қамтудың негізгі көзі. Осыған байланысты, Премьер-министр атап өткендей, ШОБ-ты қолдау шараларымен кеңінен қамту мемлекет үшін басым бағыт болып қала береді. Сондықтан жұмыстың осы бағытын назардан тыс қалдырмау маңызды.

«Президент пен Үкімет халық­аралық қаржы ұйымдарымен тиімді өзара іс-қимылға баса назар аударады. Бұл мемлекетке бюджеттік мүмкіндіктерді ұтымды пайдалана отырып, ірі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сіздер жаһандық ауқымды қамтып отырсыздар, сондықтан да әр­түрлі мемлекеттердегі бел­гілі бір мәселелердің қалай шеші­ліп жатқанымен таныссыздар. Сол себепті бизнес-ахуалды жақсар­туға, инвестициялар тартуға және экономикалық тұрғыда басқа да мәселелерге қатысты ұсыныс­тар болса, біз оларды қуана қабыл­дай­мыз. Жалпы, Үкімет барлық қаржы инс­титуттарымен сындарлы жұмыс істеуге ниетті», деді О.Бектенов.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр мемлекет­тік органдардың басшыларына қаржы институттарынан алын­ған қарыздардың сапалы әрі мақ­сатты жұмсалуына бақылауды күшей­туді тапсырды. Ұлттық экономика министрлігі мен басқа да құрылымдарға барлық айтылған бастамалар мен ұсыныстарды пысықтау жүктелді.