Әлем • Бүгін, 12:30

1998 жылы жер бетін аралауға аттанған жиһанкез үйіне оралуға жақын

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Британдық бұрынғы десантшы Карл Бушби 27 жылға созылған сапарының соңғы кезеңіне жетті. Саяхатшының айтуынша, ол сапарға шыққан кезде әлеуметтік желі болмаған, енді ғаламтор кеңістігі дамып, түбегейлі өзгерген әлемге тап болып отыр, деп жазады Egemen.kz.

1998 жылы жер бетін аралауға аттанған жиһанкез үйіне оралуға жақын

Фото: reuters.com

56 жастағы Бушби  сапарын Чилиден бастағанын және Латын Америкасы арқылы өткен жылдарында жанында тек арзан Instamatic фотоаппараты мен 35 мм пленка болғанын еске алды. Сол кезде медиа назарын ойлауға да мұршасы болмаған.

Ол үшін бастысы – Панама мен Колумбия арасындағы қауіпті Дарьен өткелін кесіп өтпестен бұрын аман қалу, азық табу еді.

«Ол кезде әлем мүлдем басқа еді, әлеуметтік желі деген жоқ болатын. Сондықтан сапарымды видеоға түсірудің қажеті болмады. TikTok-қа биыл ғана келдім. Бұл мен үшін үйреншікті емес. Себебі кенеттен сені көп адам бақылап отырады, жасырына алмайсың. Бірақ, әлеуметтік желінің үлкен құрал екенін түсіндім», дейді Карл Бушби Reuters агенттігіне.

Әлемді жаяу саяхаттау

Бушби өзінің осы «Goliath Expedition» атты әлемдік сапарында моторлы көлікті мүлде қолданбауға ант берген. 2006 жылы ол Беринг бұғазын Аляскадан Ресейге жаяу кесіп өтсе, 2024 жылы Каспий теңізін жүзіп өткен.

Алғашқы жоспары бойынша 36 мың мильдік жолды 8 жылда аяқтауы керек болған. Бірақ 2008 жылғы қаржы дағдарысы, COVID-19 пандемиясы, геосаяси өзгерістер мен визалық кедергілерге байланысты оның сапарды аяқтау уақыты ұзарған.

«Мен қаржы дағдарыстарын, соғыстарды, пандемияларды бастан өткердім. Олардың барлығы сапарға қатты әсер етті. Бірақ алға жылжи бердім», дейді ол.

Жиһанкез үйіне 2026 жылдың қыркүйек-қазан айларында жетуді жоспарлап отыр.

Ең қиыны – психологиялық төзім

Бушби батпақты веложолмен арбасын итере жүріп, кей мезеттерде  психологиялық ауырлыққа төзу қиын болғанын айтты.

«Шөл далада апталар бойы ландшафт өзгермейді. Сол миыңды шаршатады. Арктикада да солай – ол жер сені үнемі өлтіргісі келетіндей сезіледі», дейді Карл Бушби.

Жиһанкез сапары аяқталғаннан кейін бірден жаңа, күрделі істі бастайтынын  айтады.