Мәдениет • Бүгін, 12:46

Димаш Құдайберген алғаш рет Мысыр пирамидалары маңында өнер көрсетті

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген 30 қарашада The Pyramids Echo фестивалі аясында  өзінің дербес концертін ұсынды. Бұл – ТМД елдерінің әртістері арасында Африка құрлығында, пирамидалар жанында өткен ең алғашқы концерт болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Димаш Құдайберген алғаш рет Мысыр пирамидалары маңында өнер көрсетті

Фотолар: dimashnews

Әнші көрермендерге жылы лебізін білдірді.

«Қош келдіңіздер, біздің шоуымызға келгендеріңіз үшін көп рақмет, бағалы уақыттарыңызды бөлгендеріңізге алғыс айтамын», деді ол.

Dimashnews

Dimashnews сайтының жазуынша ежелгі мифтер мен тылсым тарихқа толы пирамидалар кешкі сиқырлы жарықта ерекше атмосфера жасап, әр әнге бөлек бір оқиға сыйлады. Әр туындыда Димаш шағын спектакльдегі басты кейіпкерге айналды: Fire және Smoke композицияларында харизматикалық жігіт, «Любовь уставших лебедей» әнінде – шынайы сезімнің не екенін білетін ер адам, ал When I`ve Got You және SOS d’un terrien en détresse шығармаларында – өмірдегі ең қымбатты бағалай білетін тұлға ретінде көрінді.

Солтүстік, оңтүстік, шығыс және батысқа дәл бағытталған пирамидалар қырлары сияқты, ол да талантының барлық қырын ашты. Сахнада классикалық Olympico мен Ave Maria-дан бастап, энергиялық Be with me және Give me your love композицияларын да орындады. Ал араб түнінде қазақтың ұлттық аспаптары – домбыра, қобыз және сыбызғының үні Stranger, «Адай» күйі және «Тау ішінде», «Дүрдараз», Let it be әндеріндегі ұлттық сазбен ерекше үйлесіп, көрерменге сиқырлы әсер сыйлады.

Көрермендер де әртісті шын жүректен қолдады – бірге ән айтып, билеп, Қазақстаннан келген жылы сәлемдерді қуана қабылдап, өз тарапынан да эмоциямен бөлісті. Әсіресе «Ұмытылмас күн» және «Махаббат бер маған» әндері кезінде телефон жарықтары жанып, пирамидалар панорамасына сансыз жұлдыздай әсем көрініс берді.

Димаш та көрерменді концерттің басынан соңына дейін бір сәтке де босатпады. Финалда залға үшінші рет түсіп, Weekend әнін биске орындап, шоуға нүкте емес, алда әлі талай кездесу мен концерт болатынын меңзейтін жарқын көпнүкте қойды.