Уәкілдің айтуынша, оған азаматтардан блогердің балаларды қорлайтын әрі кемсітетін мәлімдемелеріне қатысты көптеген шағымдар келіп түскен.
«Дискриминацияға жол берілмейді. Қорлағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», деді Динара Закиева Instagram-дағы парақшасында.
Оның мәліметінше, қазіргі уақытта ІІМ аталған жағдайға құқықтық баға беру үшін зерттеу жүргізіп жатыр.
Уәкіл жариялаған скриншотта ведомство өкілдері блогердің сөзіне байланысты процессуалдық шешім қабылдау үшін материалдарды тексеріп жатқанын растаған.
Арызға себеп болған видеода блогер ерекше қажеттіліктері бар балалардың дүниеге келуін, аутизм мен онкологиялық ауруларды «блудпен», «рухани заңдылықтармен» және «табиғаттың жазасымен» байланыстырған. Бұл ролик әлеуметтік желілерде кең таралып, ата-аналардың қатты наразылығын тудырды. Көпшілік бұл мәлімдемелерді кемсітушілік әрі қорлайтын әрекет деп санайды.