Фото: islam.kz
Шетелдік студенттердің құрылымы, білім алушылар географиясы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Көш бастап тұрған мемлекеттер қатарында Үндістан (9 959), Түрікменстан (9 089), Өзбекстан (4 136), Қытай (3 367) және Ресей (2 426) бар.
Шетелдік студенттердің басым бөлігі Алматы, Астана, Шымкент қалаларында білім алуды құп көреді. Қазір 18 195 шетел студенті – Алматыда, 4 292 студент – Астанада, 3 645 студент – Шыментте білімін шыңдап жүр.
Ұлттық университеттер шетелдік студенттерді тартуда стратегиялық драйверге айналып отыр.
Шетелдік студенттер саны бойынша үздік 5 университет:
1. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – 4 497;
2. С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ – 2 687;
3. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ – 2 483;
4. Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ – 1 759;
5. М.Әуезов атындағы ОҚМУ – 1 730.
Шеттен келетін ізденушілердің денсаулық сақтау және медицина, педагогика, бизнес және құқық, инженерия, ақпараттық технологиялар сынды бағыттарда білім алуға сұранысы жоғары.
Ведомство өзге елден келіп, білім алушылардың қатары Қазақстандағы білім сапасының жоғары әрі оқу ақысының қолжетімді болуына байланысты артып отырғанын мәлімдеді.
«Соңғы жылдардағы жоғары білім беру реформалары, жетекші шетелдік университет филиалдарының ашылуы, ғылыми кластерлердің дамуы, стандарттардың жаңартылуы және халықаралық академиялық желілердің кеңеюі саланың экспорттық әлеуетін тұрақты арттыруға жағдай жасап келеді. Нақты деректер Қазақстанның Орталық Азиядағы ірі білім беру орталықтарының қатарында ғана емес, сонымен бірге өңірлік кадр даярлау үдерістеріне ықпал ететін өз білім беру хабын қалыптастырып келе жатқанын дәлелдейді», делінген министрлік таратқан хабарламада.