Өндіріс • Бүгін, 11:00

Биыл өңдеу өнеркәсібі 5,8%-ға өсті

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл өңдеу өнеркәсібінде оң динамика сақталып, 10 айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 24 трлн теңгеден асып, 5,8%-ға өсті, деп хабарлайды Egemen.kz

Биыл өңдеу өнеркәсібі 5,8%-ға өсті
Оның айтуынша, өсім ең алдымен металлургия, машина жасау, химия саласы, сондай-ақ құрылыс материалдары сынды негізгі сегменттерде өндіріс көлемін ұлғайту есебінен қалыптасып отыр.

Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде жыл соңына дейін 1,5 трлн теңгеге 190 жобаны іске қосу жоспарланған. Бүгінде 147 жоба жүзеге асқан. Нәтижесінде 18 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Олардың ішінде қытайлық Chery, Changan, Haval және Tank брендтерінің жеңіл автомобильдерін, тамақ өнеркәсібіне, тұрмыстық техникаға арналған алюминий қаптамаларын, сондай-ақ жүнді қайта өңдеу және тоқыма материалдарын өндіру бойынша жобалар бар.

«Аталған жобалар толық өндірістік қуатына шыққан кезде өңдеу өнеркәсібінің көлемі жылына 2,3 трлн теңгеге ұлғаяды», деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Ведомсвто басшысының айтуынша, 2022 жылдан бері жеңілдікпен несиелеу арқылы өңдеу өнеркәсібіндегі 116 жоба қаржыландырылды. Министр мемлекеттік даму институттары жаңа өндірістерді қолдауда маңызды рөл атқаратынын айтты.

«2022 жылдан бастап жеңілдетілген несиелеу тетігі арқылы 116 жоба қаржыландырылды. Бұл мақсаттарға бюджеттен 500 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, ал нарықтан қосымша қаржы тарту және аралас қаржыландыру тетігін қолдану есебінен жалпы сома 700 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды», деді Ерсайын Нағаспаев.
Нәтижесінде радиаторлар, автокомпоненттер, шұлық-шұлғау бұйымдары, лак-бояу және геосинтетикалық материалдар мен басқа да тауарлар өндірісі іске қосылды.