Үкімет • Бүгін, 10:32

Бегалы ауылында қайтарылған активтер есебінен медициналық пункт салынды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Ақтөбе облысы Қобда ауданы Бегалы ауылында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында медициналық пункт салынды. Нысанның жалпы құны – 132 млн теңге, оның 65 млн теңгесін Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан бөлді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бегалы ауылында қайтарылған активтер есебінен медициналық пункт салынды

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

150 шаршы метрден асатын жаңа ғимарат бір ауысымда 25 адамды қабылдауға арналған. Медициналық пункт ауылдың 300-ден астам тұрғынына сапалы және уақтылы медициналық қызмет көрсету мүмкіндігін береді. Нысан заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген.

«Құрылыс кезінде инклюзивтілікке, қимыл-қозғалысы шектеулі адамдардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге көңіл бөлінді. Медициналық нысанның ашылуы ауыл тұрғындарының алғашқы медициналық-санитариялық көмекке қолжетімділігін арттырады, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартады. Ақтөбе облысында қайтарылған активтер қаражаты есебінен құрылған Арнаулы мемлекеттік қордан ауылдық денсаулық сақтау саласы бойынша барлығы 11 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі таңда 5 нысан пайдалануға берілді, алтауының құрылысы жалғасуда», делінген хабарламада.

Жалпы, қайтарылған активтер елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған. 2024-2025 жылдары Арнаулы мемлекеттік қордан медициналық нысандарды салу және жаңарту үшін 144,2 млрд теңге бөлінді. Бұл ауқымды инфрақұрылымды жаңарту ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызметтерді қалаға бармай-ақ алуға мүмкіндік берді.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2022–2025 жылдары ауылдық жерлерде 813 медициналық нысан салынды, оның ішінде 620 алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету мекемесі бар. 2024 жылы 392 нысан пайдалануға берілді, ал 2025 жылы тағы 188 нысанның салынуы жоспарланған.

«Заманауи ауданаралық ауруханалар мен МСАК желісін дамыту ұлт денсаулығының көрсеткіштерін тікелей жақсартты. Осылайша, онкологиялық ауруларды ерте анықтау 3,5%-ға өсіп, 32,6%-ды құрады, ал 60%-дан астамы бастапқы сатысында диагноз қойылады. 23-і аудандық ауруханаларда орналасқан 83 инсульт орталығының жұмысы тромболиз үлесін 6%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар жаңа мамандандырылған орталықтардың ашылуы балаларға оңалту көмегінің қолжетімділігін едәуір арттырды», делінген хабарламада.

Медицина инфрақұрылымын жақсарту және қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған кешенді шаралар ауыл тұрғындарының өмір сүру ұзақтығына оң әсерін тигізіп, 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 74,2 жасқа жетті.