Денсаулық • Бүгін, 17:55

Дәрігер нұсқаулығы: Балаларды ЖРВИ мен тұмаудан қалай емдеу керек?

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Астанада жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмау маусымы әдеттегіден ерте басталды. Дәрігерлердің айтуынша, науқастар саны қараша айының ортасына қарай көбейген. Ал, ауру қаупін қалай азайтуға болады? Бұл сұраққа дәрігер Раушан Тектібаева жауап берді, деп жазады Egemen.kz

Дәрігер нұсқаулығы: Балаларды ЖРВИ мен тұмаудан қалай емдеу керек?

Фото: Ашық дереккөз

Қала әкімдігінің мәліметінше, елордадағы ЖРВИ мен тұмаудың өршіп тұрған кезінде дәрігерлер күніне 50-60 баланы қабылдаған. Қазір көрсеткіш төмендегенімен, маусым әлі аяқталған жоқ.

«Балалар вирусты бір-біріне жұқтырды. Қалада ЖРВИ мен тұмау бірдей таралып жүр. Вирустық инфекция жеңіл өтеді, температураны төмендететін дәрілер көмектеседі, ал тұмау әлдеқайда ауыр өтеді. Жоғары температура байқалады, оны түсіру қиынға соғады. Баланың жағдайы әлсірейді, интоксикация байқалады.Қосымша жөтел, мұрын бітелуі пайда болады», деді дәрігер.

Педиатр ата-аналарды өз бетінше емдеуге жол бермеуге және алғашқы симптомдар пайда болғанда дереу дәрігерге қаралуға шақырды.

«Төсекте демалу қажет. Көптеп жылы сусын ішкізу керек – су, компот, морс. Қантты шырындар мен газдалған сусындарды уақытша беруге болмайды. Бөлмені үнемі желдетіп, дымқыл күйге айналдыру керек, баланы орап тастауға болмайды. Солғын тартып тұрғандықтан, тоңып тұрғандай көрінуі мүмкін, соның әсерінен қалың киіндіргендіктен, дене қызуы тіптен көтерілуі мүмкін.

Температураны түсіретін бірнеше дәріні бір уақытта беруге болмайды. Дәрі берілгеннен кейін температура дереу 36,6 градусқа түсуі керек деп ойлаудың қажеті жоқ. Бір-екі градусқа төмендесе, бұл дәрінің әсер етіп жатқанын білдіреді.

Тұмау кезінде қабыну, пневмония, фарингит, тонзиллит және тағы басқа асқынулар болуы мүмкін. Көздің конъюнктивиті, қызаруы, мұрыннан қан кету де байқалуы мүмкін», деп түсіндірді ол.

Тағы бір қателік – дәрігердің тағайындауынсыз антибиотик қолдану.

«Бұл қате, өйткені тұмау мен ЖРВИ-де олар көмектеспейді, аурудың себебі вируста, мұндайда антибиотиктің қажеті жоқ. Біз оларды тек қабыну немесе пневмония секілді асқынулар болғанда ғана тағайындаймыз. Ондай жағдайда да дәрігердің нұсқауымен, баланың жасын, салмағын және өзге де ерекшеліктерін ескере отырып қабылдау керек. Өз бетімен бастауға болмайды, өйткені басқа дәрілер сияқты жанама әсері бар. Қате дозада қолданса, бауыр мен бүйрекке зақым келтіруі мүмкін. Тіпті вирусқа қарсы дәрілерді де тек дәрігердің тағайындауымен ғана қолдану қажет», деп қорытындылады Раушан Тектібаева.