Қоғам • Кеше

Ерлан Қарин: Парламенттік реформаға қатысты 350-ден астам ұсыныс келіп түсті

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің хабарлауынша, Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобына азаматтардан, сарапшылардан және саяси партиялардан 350-ден астам ұсыныс түсті. Жұмыс тобы алдағы бір палаталы Парламентті қалыптастыру мәселелерін талқылауды бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ерлан Қарин: Парламенттік реформаға қатысты 350-ден астам ұсыныс келіп түсті

Фото: Ақорда

«Мемлекет басшысы Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының қазан айында өткен алғашқы отырысында келіп түскен ұсыныстарды жан-жақты қарастырып, парламенттік жүйені жаңғырту жөнінде ұсынымдар әзірлеу керек екенін айтты. Отырыстан кейін алдағы парламенттік реформаға қатысты ұсыныстар жинақтау ісі басталды. Жұмыс тобының мүшелері және Amanat, Ауыл, Respublica, Ақ жол, ҚХП, ЖСДП саяси партиялары өздерінің тәсілдері мен ұсынымдарын жолдады. Бүгінгі таңда E-otinish және E-gov платформалары арқылы азаматтардан, сарапшылардан, қоғам белсенділерінен 350-ден астам ұсыныс келіп түсті. Кеше Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті», деді мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин.

Болашақ бір палаталы Парламентті қалыптастыруға қатысты мәселелердің бірінші блогы қаралды:

  1. Бір палаталы Парламент құрамындағы депутаттар саны.
  2. Парламент депутаттарына қойылатын біліктілік талаптары.
  3. Парламент депутаттарын сайлау тәртібі.
  4. Жаңа Парламенттің өкілеттілік мерзімі.
  5. Парламенттегі квоталар (президенттік, партиялық тізім).

Екі сағаттан астам уақытқа созылған конструктивті талқылау барысында түрлі сарапшылық көзқарастар мен пайымды пікірлер айтылған.

«Отырыста айтылған ұсыныстарды қосымша тағы да егжей-тегжейлі саралап, жүйелеу туралы шешім қабылданды. Жұмыс тобының алдағы отырыстарында парламенттік жүйені жаңғыртудың басқа да бағыттары қарастырылатын болады», деді Ерлан Қарин.