Тағзым • Бүгін, 07:33

Отандық іргелі философияның ақтаңгері

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жетекші ғалым, ҰҒА академигі Жа­байхан Мүбәрәкұлы Әбділ­диннің  93-ке қараған ша­ғында өмірден өтуі – қоғам үшін орны толмас қаза.

Отандық іргелі философияның ақтаңгері

Қаныш Сәт­баевтың академиялық мек­тебінен шыққан ғалым Жабайхан Мүбәрәкұлы елімізде фило­софия мек­тебінің негізін қалады. С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың философия-эко­номика факультетін бітіргеннен кейін М.В.Ломо­носов атындағы Мәскеу мемелекеттік уни­верситетінің аспирантурасына түсіп, кандидаттығын, докторлығын қорғап, дүние­жүзі ғалымдарына ғылыми негіздемелерін мойындатқан ірі ғалым.

Қазақ КСР Ғылым академиясы Фило­софия және құқық  институтында еңбек етіп, дамытып, ұзақ жыл бойы басшылық етіп, кейіннен Ұлттық ғылым ака­демиясының академик-хатшысы, қоғамдық ғылымдар жөніндегі вице-президенті болды. Осы кезеңде ол білікті басшы болып қана қойған жоқ, ауқымды еңбектер жазды, қазақ ғылымында өзіндік қол­таңбасын қалдырды. Академик Жабайхан Мүбә­рәкұлы өмірінің соңғы жылдарына дейін ғылымнан қол үзген жоқ. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінде жұ­мыс істеді. Бүгінде Жабайхан Әбділдин құрған философия ғылыми мектебі әлем ғалымдары мойындаған мектеп ретінде жұмысын жалғастырып келеді. Ғалым жас мамандарға және өз отбасының өнегесі бола білді. Қазақтың маңдайына біткен майталман, абыз ғалым жасының үлкендігі, ғылымдағы дүниежүзі мойындаған же­тістіктеріне, атақтарына қарамастан, қарапайымдылығымен ерек­шеленетін. Бүгінде ғалым­ның мектебінен шық­қан 100-ден астам ғылым докторы философия саласында күрделі ғылыми мәсе­лелер­мен айналысып жүр.

Академик Ж.Әбділдиннің ғылымдағы кешенді еңбек­тері бағаланып, мемлекеттік наградаларға – «Барыс», «Парасат», «Құрмет» орден­дері және халықаралық деңгейдегі көптеген сый­лыққа ие болды. Атағы әлемге мәшһүр болған ға­лымның артында баға жетпес құнды еңбектері қалды. Оның барлығын шәкірттері еліміздің игілігі жолында қолданып, академиктің бастаған ісін жалғастырады деп сенеміз. Ғалымның аты өшпейді. Жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Алла алдынан жарылқап, жат­қан жері пейіш болсын!

 

Мұрат ЖҰРЫНОВ,

ҰҒА академигі