Руханият • Бүгін, 08:05

Тәржіме түпнұсқадан алыстамауға тиіс

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ әдебиетіндегі кәсіби аударма Абайдан басталады дейді аудармашы, драматург Кенжебай Ахмет. Қазіргі аударма қандай болу керек деген сұраққа кіріспені осылайша бастады. Абай басқа заманда өмір сүрді. Аудармаларының көбінде «әлемде осындай әдебиет үлгілері бар» деп біріншіден ағартушылық бағытты көздесе, екінші жағынан аударған авторларымен іштей жарысқа түсіп, бәсекелескендей көрінеді. «Сен мына тақырыпты осылай жырлаған екенсің, мен соны дәлме-дәл қотара отырып, осылай қосар едім» дегендей мысалдарды аңғарамыз.

Тәржіме түпнұсқадан алыстамауға тиіс

Астана қаласы тілдерді дамыту және архив басқармасы мен Жазу­шылар одағы Астана филиалы қолға алған «Қаламгер ұстаханасының» әдеби лек­циясын бұл жолы әдеттегідей ақын Бауыржан Бабажанұлы ашып берді. Басқаларын айтпағанда, Дж.Бок­каччоның «Декамерон новеллаларын», Дантенің  «Құдіретті комедиясын», Стефан Цвейгтің «Бальзагын» аударған Кенжебай Ахмет әңгімесін әлгіндей сабақтады. Дәріскердің айтуынша, автор стилін сақтай отыра дәлме-дәл аударма жасаған алғашқылардың бірі – Мағжан Жұмабаев. Шамалы ғана тәржімелерін түпнұсқамен салыс­тырғанда, айырмашылық байқала қоймайды. Көлемі, мағынасы, буын саны, ұйқасының өзін бірдей келтірген. Тек қана Кольцовтан аударған сегіз буындық «Песня старика» өлеңін он бір буынға созған. Сөйтсек, Кольцов шы­ғармасын орыс әуенімен жазса, Мағ­жан оны халық әндеріндей қара өлең сарынына түсіріп, әуезіне мән берген.

Шығарма түпнұсқада қандай болса, аудармада да сондай болғаны бас­ты талап дейді аудармашы. Туындыны жеңілдету, оқырманға түсінікті ету немесе күрделендіру дегендер жүрмейді. Тіпті автор көзқарасында сіз келіспейтін нәрсе бар ма – мейлі, сол қалпында қота­рылуға тиіс. Тігісін жатқызып жіберуге қақыңыз жоқ. Автордың ойы мен жазу ерекшелігін сақтау міндет. Көбіне тәржімеші сөзге ғана назар аударып кетеді. Бірақ сөзбе сөз аудару шарт емес. Сөйлем астарындағы реңк пен бояу көріну керек. Арасында жазушы мысқылдап отыруы мүмкін. Кері сөйлеу арқылы кейде түзік айтып отыруы да ғажап емес. Жалпы, сипаттаумен бірге осындай ерекшеліктер түгелімен қотарылса – құба-құп.

Аудармашының жеңісі – түпнұс­қа­дағы сезімді қазақ оқырманына сол қалпында таныту. Ол қай тілге қотарады, сол тілді жақсы білуге тиіс. Орыс тіліндегі «был» деген сөзді сезінбеген адам болды деп ұсына салады. Ол әлгі жерде болды ма, болыпты ма, болған ба, болған екен бе, сезініп берген маңызды. Яғни тілді білу деген сөзді жаттап алу емес. Сөздің бояуы, мәні, реңкі, тіпті басқа мағынада ойнап тұратын кезін де түсініп және соны дәл аудару.

Аудармашы әуелі кімді аударатынын және қотаратын шығармасын танып алғаны ләзім. Кандидат, док­тор дәрежесі шарт емес, алайда белгілі бір деңгейде зерттеуші болуға тиіс. Мәселен, бір автор әр шығар­масында түрлі қырынан көрінуі мүм­кін. Мысалы, Стефан Цвейг бірде ертегіші ретінде жазса, кейде әзілдеп юмор араластырып, енді бірде философ ретінде әңгімелейді. Психолог тұрғысынан да жазғандарына ұшырастық. Әр шығармасында әртүрлі қырынан көрінеді. Айналып келгенде мәліметінің өте көптігі, білімінің молдығы ертегі жазса да байқалады. Ал аудармашы соны сезінуі керек. Нақты білмесе де, жобалап, сол ауылдың төңірегін шарлап өтетіндей қабілет табылу керек бойынан. Әйтпесе, еңбек зая.

«Шеберлігің жетіп жатса, орыс тілінде екі сөзбен берген нәрсені бір-ақ сөзбен сездіріп өтуге тура келеді. Эпикалық, драмалық үлгідегі шығар­маларды аудару поэзияға қарағанда жеңілдеу. Қиыны, лирикалық поэ­зияны аудару. Лирикада сезім, әсер, эмоция бар, оның сөзін ғана алып берсең, жансыз шығады. Демек, өлеңнің қасиетін түсініп, ана ақынға айналып, қайтадан қазаққа қайтып келуіңіз керек қой. Лирикалық поэ­зияны аудару­дың қиындығы осында.

Аудармашы автордың бір көшір­месі сияқты болуы керек, оның өзі аударманы жасап отырған кезде сол сияқты ойланып, сол сияқты көріп, сол сияқты бағалап, сол сияқты әсерленіп, жек көрсе жек көріп, жақсы көрсе жақ­сы көріп отырған кезде, яғни шығар­маға енуі керек қой. Автордың өзі сияқты. Сонда аударма жүреді. Ал суық қарап аудара салған болмайды» дейді Кенжебай Ахмет.