Қазірдің өзінде тоғыз облыстың әкімдіктері банке 1 550 пәтер тапсырды. Нәтижесінде, жақын уақытта Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Жетісу, Ұлытау, Қарағанды, Абай, Қызылорда облыстарында тұрғын үйге кезекте тұрған адамдар қоныс тойын тойлайды.
Жалдамалы тұрғын үйді бөлу кезінде есепке алынған күні, санаттың басымдығы, отбасының табыс деңгейі ескеріледі. Егер отбасында үш, одан көп адам болса, бір адамға шаққандағы табыс 92 456 теңгеден (2 АЕК) аспауға тиіс. Егер отбасында екі немесе одан аз адам болса, әрбір мүшесіне шаққандағы табыс 161 798 теңгеден (3,5 АЕК) аспауы керек.
Барлық кезекте тұрған азаматтар туралы мәліметтерді «Отбасы банк» мемлекеттік деректер қорынан алады. Бұл азаматтарға өте ыңғайлы – енді анықтама жинап, көшірмелерін жасап, бөлімшеге барудың немесе порталға жүктеудің қажеті жоқ. Алайда банк деректерді жедел тексеріп, тұрғын үйді әділ бөле алуы үшін азаматтар жеке деректерді жинауға, өңдеуге келісім беруге тиіс. Келісімді orken.otbasybank.kz порталындағы жеке кабинет арқылы рәсімдеу қажет. Сонымен қатар азаматтар өздерінің мобильді азаматтар базасындағы телефон нөмірін жаңартуы керек.
Егер тұрғын үй кезегінде тұрған азамат жеке деректерін жинауға, өңдеуге келісім бермесе, мобильді нөмірін жаңартпаса, жалдамалы тұрғын үй ала алмайды немесе 2%, 5% жеңілдік мөлшерлемесімен тұрғын үй сатып алу мүмкіндігінен айырылады. Мұндай жағдайда оған тиесілі тұрғын үй кезекте тұрған басқа азаматқа беріледі. Қазірде әкімдіктердің Kezekte.kz базасынан «Отбасы банкке» өткен 642 281 кезекте тұрған азаматтың ішінде бар болғаны 84 338 адам ғана жеке деректерін өңдеуге келісім берген. Бұл небәрі 13%.
Осының салдарынан автоматтандырылған жүйе тұрғын үйге мұқтаж азаматтар туралы деректерді толық тексере алмай отыр, тұрғын үйді бөлу үдерісі баяу жүріп жатыр. Жақында өңірлердің бірінде өткізілген қанатқақты жоба бұл жағдайды айқын танытты. Әкімдік 261 пәтер ұсынған болатын. 215 пәтер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға бөлінді. Алайда олардың арасынан бар болғаны 19 адам ғана orken.otbasybank.kz платформасында жеке деректерді жинауға, өңдеуге келісім берген. Қазірде бұл азаматтар жалдау шартын жасасып жатыр. Қалған 196 азаматқа қатысты банк олардың келісімін күтіп отыр. Бос пәтерлер келесі кезеңде бөлінетін болады.
Тұрғын үйді бөлу үдерісін жеделдету мақсатында «Отбасы банк» бұрын Kezekte.kz базасында тіркелген азаматтарды orken.otbasybank.kz порталында жеке деректерді жинауға, өңдеуге келісім беруге, сондай-ақ мобильді азаматтар базасындағы телефон нөмірін жаңартуға шақырады. Бұл шаралар тұрғын үй кезегінің жылжуын тездетіп, мыңдаған отандасымыздың қоныс тойын жақындатуға мүмкіндік береді.