Сурет: egov.kz
Бүгінде сырттай форматта куәландыру 50-ден астам нозологиялық нысан негізінде жүзеге асырылады. Былтыр 96,9 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралды. Бұл – куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 37,4%-ы.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше қажеттіліктері бар адамдарға барынша қолайлы жағдай жасауды, оларды инстанциялар мен қағазбастылықтан арылтып, көрсетілетін қызметті берушілердің қызмет алушылармен байланысын болдырмауды тапсырды. Президент жүктеген міндетті орындау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Денсаулық сақтау мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп еліміздің барлық 20 өңірінде қанатқақты жоба – медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) жүргізудің сырттай форматын іске қосты.
Мүгедектік тобын белгілеу жөніндегі қызметті алуға өтініш беруші тұрғылықты жеріндегі емханаға жүгінуі, қажетті тексеруден өтуі қажет. Қалған үдерістер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді.
Сырттай куәландыруға көшудің нәтижесінде әкімшілік, бюрократиялық кедергілер жойылады. МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Мүгедектікті белгілеу мен мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларын анықтау қызметтерін үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік туады. Көрсетілетін қызметті алушының тиісті орын қызметкерімен тікелей байланысын болдырмайды, нәтижесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелі азаяды.