фото: ашық дереккөз
Партияның баспасөз қызметі мәлімдегендей, бұл бастаманы партия төрағасы Азаматхан Әміртай ұсынған.
Бұл шешім партияның азаматтық ұстанымын білдіретін қадам, әрі Олжас Сүлейменовтің жаһандық бейбітшілікті нығайтуға және ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан зор үлесінің мойындалуы ретінде бағаланып отыр. Оның «Невада-Семей» қозғалысы аясындағы қызметі Семей ядролық полигонын жабуда шешуші рөл атқарған.
Сондай-ақ О.Сүлейменовтің бастамасымен әлемнің бірнеше елінде тағы төрт ірі ядролық полигон (соның ішінде Невада полигоны да) жабылған.
«Байтақ» партиясы Олжас Сүлейменовтің еңбегін әлемдік деңгейде тану – ел алдындағы және халықаралық қауымдастық алдындағы міндет деп санайды.
Партия өкілдері Нобель комитетіне Олжас Сүлейменовтің кандидатурасын қарастыру жөнінде ресми өтініш жолдаған.
Айта кетейік, 2025 жылы Нобельдің бейбітшілік сыйлығын Венесуэла саясаткері Мария Корина Мачадо иеленді. Нобель комитетінің сайтында көрсетілгендей, ол бұл марапатқа «Венесуэла халқының демократиялық құқықтарын ілгерілету жолындағы тынымсыз еңбегі және диктатурадан демократияға әділ әрі бейбіт жолмен өтуді қамтамасыз ету үшін жүргізген күресі» үшін лайық деп танылған.