Президент • Бүгін, 15:19

Президент: Сырттан келетін өнімге тым тәуелдіміз, бұған жол беруге болмайды

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтары лауреаттарын, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Аталған іс-шарадағы сөйлеген сөзінде Президент Үкіметтің алдында сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету міндеті тұрғанын атады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Президент: Сырттан келетін өнімге тым тәуелдіміз, бұған жол беруге болмайды

Фото: Ақорда

«Соңғы жылдары бәсекелестіктегі артықшылықтарымызды толық ашуға, экономикалық өсімнің тың мүмкіндіктерін табуға, инвестиция тартуға және кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыруға бағыт алдық. Үкіметтің алдында сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету міндеті тұр.

Жолдауда инфляцияның шарықтауына жол беруге болмайтынын айттым. Өйткені инфляция азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған барлық шешім мен әрекетті жоққа шығарады. Бұл орайда өте қатаң бюджет тәртібін орнатпаса болмайды. Қаржы тек ішкі жалпы өнімнің өсуіне, Қазақстанның әлемдік аренада лайықты орнын алуына ықпал ететін басым жобалар мен бағдарламаларға ғана жұмсалуға тиіс», деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерімен, халық күнделікті тұтынатын тауарлармен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілмей келеді. Импорт өте көп.

«Ол көзге анық көрініп тұр. Бірқатар тауар номенклатурасы бойынша сырттан келетін өнімге тым тәуелдіміз. Қазақстанда бұған жол беруге болмайды. Оның үстіне биыл мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына 1 триллион теңге қолдау жасалды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ал еліміз шығаратын өнім көлемі 2024 жылдың қорытындысы бойынша 8,5 триллион теңгеге бағаланды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.