Өндіріс • Бүгін, 15:33

ERG кәсіпорындары Қазақстандағы үздіктер деп танылды

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

ERG құрамына кіретін «Қазақстан алюминийі» АҚ Павлодар алюминий зауыты республикалық «Парыз» әлеуметтік жауапкершілік байқауында күміс жүлдеге ие болды. Зауыт «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» аталымында ірі бизнес нысандары арасында озық шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.

ERG кәсіпорындары Қазақстандағы үздіктер деп танылды

Павлодар алюминий зауытының (ПАЗ) директоры Айтуған Ахметовтің айтуынша кәсіпорында қауіпсіздікке айрықша мән беріледі.

«Республикалық байқаудағы бұл марапат – зауыт қызметкерлерінің ортақ жеңісі. Барлық талаптарға сай болу үшін бірлесіп, ауқымды жұмыс жүргіздік. Оның басты нәтижесі – өндірістегі жарақаттану деңгейінің айтарлықтай төмендеуі», деп атап өтті А.Ахметов. 

кен

Жағдайды жақсартуда Павлодар алюминий зауытында құрылған Қауіпсіз еңбек дағдылары тәжірибелік орталығы маңызды рөл атқарды.  Мұнда қызметкерлерге тайғақ жерде жүруді үйрететін тренажер, өрт қауіпсіздігіне қатысты жаттығу құрылғылары, кабинаға көтерілу мен түсу бойынша симуляторлар арқылы оқыту жүргізіледі.

кентау

«Ал кешенді полигондарда биіктікте және тұйық кеңістікте жұмыс істеу машықтары үйретіледі. Бұл полигонның ел көлемінде баламасы жоқ,  біздің жеке әзірлемеміз. Әрі ол өнертабыс ретінде патенттелген», деді «Қазақстан алюминийі» АҚ Павлодар алюминий зауытының еңбекті қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздігі жөніндегі басшысы Алексей Чабанов.  

ПАЗ-да қызметкерлерді жеке қорғаныс құралдарымен және арнайы киіммен қамтамасыз ету нормалары заңнамалық талаптардан әлдеқайда жоғары. Бұл да жұмысшылар үшін жайлы әрі қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етеді. Тамақ пен сүт беріліп, одан бөлек, қызметкерлер спорт зал, бассейн, шипажай мен демалыс орындарының қызметтерін тегін немесе жеңілдікпен пайдалана алады. Ал кәсіптік аурулар бойынша жағдайлар зауытта соңғы 7 жылдан бері тіркелген жоқ.

кен

ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК»  АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинаты «Кадр даярлауға қатысушы үздік кәсіпорын» аталымында Гран-при иегері атанды. Ал елдегі үздік оқу орны ретінде комбинаттың ұзақ жылдан бергі серіктесі – Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі танылды.

Дөң тау-кен байыту комбинаты мен Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі арасындағы ынтымақтастық бірнеше онжылдықтан бері жемісті жалғасып келеді. Колледж жыл сайын өндірісте сұранысқа ие мамандықтар бойынша жас кадрларды даярлайды. Бүгінде түлектердің шамамен 90 пайызы қала құраушы кәсіпорынға жұмысқа тұрған. Колледж студенттері комбинаттың цехтарында ақылы өндірістік тәжірибеден өтеді. Бұл – жас мамандарға үлкен серпін береді, өйткені олар еңбек нарығына нақты өндірістік тәжірибемен шығады.

«Бұл марапаттар Жұмысшы мамандықтар жылы және «Қазхром» компаниясының 30 жылдық мерейтойының лайықты қорытындысы. Колледждің мықты білім беру базасының арқасында студенттер халықаралық кәсіби шеберлік байқауларында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр. Ал түлектер қысқа уақыт ішінде өз ісінің білікті маманына айналып, көпшілігі бүгінде кәсіпорнымызда жауапты қызметтер атқаруда»,  дейді Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры Бауыржан Утемисов.

Кадр даярлаудың сапасына колледждің материалдық-техникалық базасының нығаюы да тікелей әсер етті. ERG-дің жүйелі қолдауының арқасында колледж жаңа компьютерлермен, бағдарламалық қамдау, өндірістік оқытуға арналған жабдықтармен толықтырылды. Шеберханаларға дәнекерлеу үстелдері орнатылып, спорт залы жөндеуден өтті. Студенттердің өндірістік дағдыларын жетілдіруге арналған оқу-шахталық полигон салынды. Сонымен қатар түрлі тау-кен жабдықтарының жұмысын бейнелейтін заманауи жаттығу-симуляторлары пайдаланылуда.

кен

2025 жылы колледжде тау-кен саласына мамандар даярлау тәсілін түбегейлі жаңартқан заманауи құзыреттілік орталығы ашылды.

Орталық екі негізгі блоктан тұрады: VR-зертхана және тау-кен машиналары мен кешендері зертханасы. Заманауи технологиялар студенттердің кәсіби дағдыларын виртуалды ортада, нақты өндірістік жағдайларға барынша жақын форматта жетілдіруге мүмкіндік береді. Кең ауқымды оқу бағдарламалары бар VR-жабдықтар студенттерге аудиториядан шықпай-ақ түрлі өндірістік процестерді жақыннан танып-білуге жол ашады. Мұнда студенттер сегіз мамандық бойынша білім алады. Олардың қатарында кен орындарын жерасты әдісімен игеру, жер асты құрылымдарының құрылысы және энергетика бағыты бойынша мамандықтар бар. Орталықты құруға «Қазхром» компаниясы 115 миллион теңге бөлген.

Ал 2025 жылы колледжді дамытуға салынған инвестиция көлемі 200 миллион теңгеден асты.