Сурет: nipkef.ru
Ресми деректерге сүйенсек, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында ШОБ-тың ішкі жалпы өнімдегі үлесі 39,8%-ға жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6%-дық тармаққа артық. ШОБ үлесі жоғары өңірлер қатарына Астана (72,3%), Алматы (59,2%), Шымкент (57,6%) қалалары кіреді. Сондай-ақ Алматы, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында да бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғары.
Оң көрсеткіштер жеке сектордағы белсенділік артып, кәсіпкерліктің экономикалық үдерістердегі орны айқындала түскенін көрсетеді. Вице-министрдің пікірінше, кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылғандар саны биылғы жылдың ІІ тоқсанында 3,8%-ға өсіп, 4,4 млн адамды құрады. Бұл отандық экономиканың ең серпінді дамып келе жатқан сегменттерінің бірі еңбек нарығында да маңызды рөл атқаратынын білдіреді.
Тағы бір айта кетерлігі, тіркелген ШОБ субъектілерінің 91,2%-ы жұмысын сәтті жалғастырып отыр. Бұл саладағы тұрақтылық пен өміршеңдіктің жоғары деңгейін көрсетеді.
Биылғы жылдың алғашқы жартысында ШОБ шығарған өнім көлемі 25%-ға артып, 42,7 трлн теңгеге жеткен. Ең белсенді өңірлер қатарында Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Атырау, Қарағанды облыстары бар.
Өсім бес негізгі салада байқалып отыр. Сауда – 12,6 трлн теңге (29,6%), өнеркәсіп – 7,1 трлн теңге (16,7%), оның ішінде өңдеу өнеркәсібі – 5 трлн теңге (11,7%), құрылыс – 6,4 трлн теңге (15%), көлік және қоймалау – 3 трлн теңге (7%), ауыл шаруашылығы – 1,6 трлн теңге (3,8%). Саладағы тұрақты өсім кәсіпкерлік экожүйесінің біртіндеп күшейіп келе жатқанын, жеке капиталдың экономикалық белсенділігі арта түскенін айғақтайды.
Биыл Ұлттық экономика министрлігі Еуропалық қайта құру және даму банкімен (ЕҚДБ)бірге «Орта бизнес субъектілерінің инвестициялық тартымдылығын арттыру» бағдарламасын іске асырып жатыр.
«Ұлттық экономика министрлігі ЕҚДБ-мен бірлесіп «Орта бизнес субъектілерінің инвестициялық тартымдылығын арттыру» бағдарламасы аясында кәсіпорындардың өндірісін 2-3 есеге арттыруға бағытталған нақты жоспар әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кәсіпорындарға диагностиканы жүзеге асыру мен кәсіпорындарды дамытудың жеке жоспарларын дайындау жөнінде қолдау көрсетіледі», деді вице-министр.
Орта бизнес көбіне өңдеу өнеркәсібінде шоғырланған. Бұл сала металл өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары, машина жасау, химия өнеркәсібі сияқты бағыттарды қамтиды. Бүгінде көптеген кәсіпорын өздерінің қолданыстағы өндірістік қуатын толық пайдаланбай отырғандықтан, өсім әлеуеті әлі де жоғары.
Келесі жылдан бастап жаңа Салық кодексі енгізіледі. Оның басты жаңалығы – шағын бизнес үшін жеңілдетілген декларация мен бөлшек салық режімі біріктіріледі, сондай-ақ кәсіпкерлерге арналған бірыңғай салық режімі пайда болады. Бұл реформа бизнес жүргізу үдерісін оңайлатып, жүктемені азайтып, кәсіпкерлерге қолайлы әрі түсінікті салықтық орта қалыптастыруға бағытталған.
«Келесі жылдан бастап жаңа Салық кодексін енгізуге ерекше назар аударылды. Шағын бизнес үшін жеңілдетілген декларация мен бөлшек салық режімі біріктіріліп, шағын бизнеске арналған бірыңғай режім құрылады. Жылдық шекті табыс 600 мың АЕК-ке дейін немесе 2,4 млрд теңге көлемінде белгіленеді. Дегенмен жұмыскерлер санына шектеу қойылмайды. Бұған қоса, егер жылдық табыс 24 000 АЕК-тен асқан жағдайда, еңбекақы қоры сомасына салық салынатын табысты азайту қарастырылған. Өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға жаңа, жеңілдетілген салық режімі қарастырылған, бірыңғай ең төменгі төлем 4%», деді Е.Сағынаев.
Елімізде кәсіпкерлікті дамытуға арналған реформалар кешенді түрде жалғасып келеді. ШОБ секторындағы өсім көрсеткіштері оң динамиканы айқындап қана қоймай, ел экономикасында жеке бизнестің рөлі артып келе жатқанын көрсетеді. Мемлекеттің орта бизнеске басымдық беруі, салық жүйесін жаңғыртуы мен халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастығы – отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдар.
Елдегі бизнес-климатты жақсарту бағытында қолға алынған шаралар алдағы жылдары да кәсіпкерліктің дамуына серпін беретіні сөзсіз.