Оқиға • Кеше

Лувр кітапханасындағы жүздеген құжат бүлінді

50 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Париждегі әлемге әйгілі Лувр музейінің кітапханасында кәріз суы тасып, Мысыр көне жәдігерлер бөліміндегі 400-ге жуық құжатқа зақым келген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Лувр кітапханасындағы жүздеген құжат бүлінді

Фото: Pixabay

Лувр музейінің әкімшісінің орынбасары Фрэнсис Стейнбоктың мәліметінше, кәріз құбырынан шыққан лас су Мысыр көне жәдігерлер кітапханасының бір залын басып, онда сақталған материалдарға зақым келген.

«Қазіргі уақытта 300-400 құжаттың бүлінгені белгілі, біз толық түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Зақымданған шығармалар судан шығарылып, қазір ластанған шығармалардың әр бетін кептіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», деді Фрэнсис Стейнбок.

Бүлінген құжаттар тек египеттанушылар, музей қызметкерлері мен студенттер пайдаланатын мерзімді басылымдар, анықтамалықтар және археологиялық журналдардан тұрады. Олардың ең көнесі ХІХ ғасырдың аяғына тиесілі, ал кейбірі ХХ ғасырдың басында жарық көрген.

Фрэнсис Стейнбоктың сөзіне қарағанда, ғимараттағы желдету және жылыту жүйесінде бұрыннан ақау бар. Зардап шеккен аймақ музейдің жаңартуды қажет ететін салалар тізімінде тұрған.

Бұған дейін Лувр музейінде бұрын-соңды болмаған ұрлық жасалғанын жазған едік.

Сонымен қатар 14 қараша күні бельгиялық екі блогер Нил мен Сенне әйгілі Лувр музейіне қарапайым келушілер ретінде кіріп, өз портреттерін Мона Лиза тұрған мәртебелі залға іліп кеткен еді. Бұл жайт қауіпсіздік жүйесіне қатысты жаңа алаңдаушылық туғызды.