Медицина • Кеше

МӘМС аясында балаларға тіс импланттары салынбайды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желілерде Алматы, Астана, Шымкент қалаларымен қоса бірнеше облыста 18 жасқа дейінгі балаларға МӘМС аясында брекеттер мен импланттар орнату бойынша пилоттық жоба басталғаны туралы  ақпарат тараған болатын. Медициналық сақтандыру қоры осы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

МӘМС аясында балаларға тіс импланттары салынбайды

«Қазіргі уақытта мұндай жобаның іске қосылмағанын ресми түрде хабарлаймыз. Естеріңізге сала кетейік, МӘМС бойынша тегін тіс емдеу көмегі халықтың белгілі санаттарына ғана қолжетімді. Атап айтқанда, балалар жедел және жоспарлы стоматологиялық қызметтерге жүгіне алады. Оларға күрделі тісжегіні, пульпитті және периодонтитті емдеу, тіс түбірін пломбалау, тіс жұлу, абсцессті ашу, пластикалық операциялар, пародонт қалталарын санациялау, сондай-ақ алдын алу шаралары – фиссураларды герметизациялау, реминерализация, миотерапия және басқа да қызметтер кіреді»,  делінген қордың ресми таратқан ақпаратында.

Негізі МӘМС жүйесі бойынша ортодонтиялық көмекті де алуға болады. Ортодонтиялық көмек жақ-бет аумағының туа біткен патологиясы бар балаларға, тіс-жақ аномалиялары бар аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға көрсетіледі. Аталған қызмет тізіміне ортодонт кеңесі, туа біткен жақ-бет патологиясы бар балалар үшін ортодонтиялық пластинканы қолдана отырып, тіс-жақ аномалияларын түзету, ортодонтиялық коррекция, кешенді бастапқы тексеру, тіс қалыбын алу, сүт және тұрақты тістерді тегістеу, сондай-ақ ортопантомография кіреді.

Туа бітті және жүре пайда болған жақ-бет аймағының деформациялары бар балаларға медициналық көмек стоматолог дәрігердің көрсетілімдері бойынша амбулаториялық жағдайда немесе стоматологиялық және жақ-бет хирургиясы қызметтерін көрсететін медициналық ұйымдарда көрсетіледі. Осы аталған қызметтер МӘМС аясында түгел тегін ұсынылады.