Фото: Ашық дереккөз
Бұл жағдайға қатысты 24.kz тілшісіне пікір білдірген халық әртісі Меруерт Өтекешова жаңалықты өзі де әлеуметтік желіден естіп, таңғалғанын жеткізді. Оның айтуынша, Баян Алагөзовамен жеке таныс емес, олар бұған дейін бетпе-бет кездеспеген.
Актриса продюсердің еңбегін сырттай бақылап, оны талантты маман ретінде құрметтейтінін атап өтті.
«Бұл жаңалық мен үшін өте күтпеген жерден болды. Баянмен өмірде кездеспеген екенбіз, жеке таныстығымыз жоқ. Бірақ оның жұмыстарын сырттай бақылап, талантты продюсер ретінде құрметтеймін», деді Меруерт Өтекешева.
Сонымен қатар актриса көпшіліктің назарын аудартқан «Қыз Жібек» фильміндегі камзол мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, түсірілімнен кейін ол киімнің нақты қайда сақталғаны белгісіз болған, киностудия жабылған кезеңде жеке адамдардың қолында қалып қоюы мүмкін.
Меруерт Өтекешова бұл жәдігердің бүгінге дейін сақталып келгеніне ризашылығын білдіріп, оны мәдени құндылық ретінде бағалады. Сондай-ақ камзолдың кейін мұражайға тапсырылатынына оң көзқарас танытты.
Актриса Баян Алагөзованың бұл бастамасын өнерге деген құрмет деп қабылдайтынын жеткізді. Дегенмен, сыйлықты қабылдау немесе қабылдамау мәселесі бойынша нақты шешім әлі қабылданбаған, себебі тараптар әлі жүзбе-жүз кездесіп сөйлеспеген.
«Құман екеуіміз өмір бойы халық үшін еңбек еттік. Бізде бизнес болған жоқ, бір жалақыға қарап жұмыс істедік. Сондықтан Баян біздің жағдайымызды түсініп, осындай ізгі ниет танытып отыр деп ойлаймын», деді актриса.
Қазіргі таңда бұл оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, көпшілік тарапынан жылы пікірлер айтылып жатыр.