Спорт • Кеше

Велоспорт үздіктері марапатталды

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан велосипед спорт федерациясы жылдың басты жетістіктерін, жүзеге асқан жобаларды және 2026 жылға жоспарланған даму бағыттарын таныстырды. Салтанатты іс-шараға спортшылар, жаттықтырушылар, мемлекеттік органдардың өкілдері мен федерация серіктестері қатысты, деп жазады Egemen.kz.

Велоспорт үздіктері марапатталды

2025 жылы Велоспорт федерация айтарлықтай ауқымды жұмыс атқарып, ел ішінде де, халықаралық аренада да жоғары нәтижелер көрсетті. Қазақстандық велоспортшылар ірі халықаралық жарыстардан  36 медаль жеңіп алды. Оның ішінде  14 алтын, 12 күміс, 10 қола жүлде бар. Малайзия мен Таиландта өткен Азия чемпионаттарында трек, шоссе және пара-велоспорт бағытындағы ұлттық құрамалар бірнеше мәрте жүлдегер атанды.

Жарқын жетістіктердің бірі – Бахрейнде өткен жасөспірімдер арасындағы III Азия ойындары. Қазақстанның жас спортшылары бұл жарыста 2 алтын және 1 күміс медаль олжалады. Қазақстан велосипед спорты федерациясының президенті Райымбек Баталов биыл жылды ең табысты маусымдардың бірі деп атады.

«Велоспорттағы  жетістіктеріміз  елімізде  болашақ чемпиондардың шооғыры өсіп келе жатқанын айқындады.  Маунтинбайк, трек және шоссе бағыттарында жыл бойы еліміздің әр өңірінде 20 ұлттық чемпионат пен кубок жарыстары өтті. Шымкент, Қостанай, Тараз, Семей, Астана және Қонаев қалаларында дүбірлі сайыстар өтіп, қатысушылар сан артты.  Бұл отандық  велоспорт тарихындағы ең қарқынды және мазмұнды маусымдардың бірі болды», деді Р.Баталов.

Велоспорт федерациясы  биыл да ауылдық жерлердегі спорт мектептерін қолдау бағдарламасын жүзеге асырды. Шалғайдағы  балалар мен жасөспірімдер спорт мекемелері жаңа велосипед бөлшектерімен, спорттық формамен және оқу-жаттығу процесіне қажетті техникалық жабдықтармен толықты. Бұл бастама ауыл балаларының велоспортқа қолжетімділігін арттырып,  талантты жастардың шыңдалуына серпін берді.

Федерацияның  биылғы жылы атқарған жұмысын Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев жоғары бағалады.  

«Елімізде велоспорт серпінді дамудың жаңа кезеңіне көтерілді.  Мемлекет басшысы Үкіметке барлық жағдай жасап, саланы қолдауды күшейтуді тапсырды. Оның нақты нәтижесін бүгінде көріп отырмыз. Алда әлі де атқарар шаруа жетерлік.  Келесі жылы Азия ойындары, одан кейін Олимпиадаға дайындықты бастаймыз. Егер күш-жігерімізді біріктіріп, жүйелі әзірлік жүргізсек  нәтижеміз жақсарады. Министрлік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», деді .

Жыл сайын берілетін  «Алтын дөңгелек» марапаты жасөспірімдер санатындағы жылдың үздік спортшысына бұйырды. 2009 жылы өмірге келген алматылық Глеб Новиков осы атаққа лайық деп танылды. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы келешек Олимпиада додасында топ жаруды армандайды.

Велоспорттан еліміздің  әйелдер командасы UAE Team ADQ-мен ынтымақтастық туралы келісім жасасты. Бұл бастама әйелдер велоспортының жаңа кезеңін ашып, спортшыларға халықаралық деңгейде дайындалуға, бірлескен жаттығу бағдарламаларына қатысуға және әлемнің үздік велошабандоздарымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 2026 жылы Жапонияда өтетін Азия ойындарына дайындықты күшейтеді.

Салтанатты шара барысында халықаралық додаларда жеңіске жеткен спортшылар  түрлі номинациямен марапатталды.