Қазақстандықтардың көбі 9 желтоқсаннан қыстың алғашқы ызғарын сезіне алады. «Қазгидромет» РМК-ның хабарлауынша, 9 желтоқсанда солтүстік-батыс және солтүстік өңірлерге суық ауа массаларымен ұштасқан солтүстік антициклон жылдам енеді.
- Алдымен еліміздің солтүстік бөлігінде, кейін бүкіл Қазақстан аумағында жауын-шашынның тоқтап, күн күрт суытады. Түнгі уақытта термометр бағаны солтүстік өңірлерде минус 22–30 градусқа дейін, шығыста минус 27–35 градусқа дейін, ал оңтүстік және оңтүстік-шығыста минус 10–20 градусқа дейін төмендейді, - деп хабарлады ауа райын болжаушылар.
Суық аға ағындары ең әуелі Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Павлодар облыстары аумағына өтіп, одан соң Қарағанды, Жезқазған, Абай, Шығыс Қазақстан өңірлеріне, елдің шығыс-оңтүстік, шығыс аймақтарына жылжиды.
Солтүстік облыстардың басым бөлігінде бұл күндері аязбен қоса, желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді деп болжанып отыр.
Еліміздің төтенше жағдайлар қызметі аталған өңірлердің тұрғындарына аязды күндері сақ болуды, алыс сапарға шықпауды ескертеді.