Үкімет • 09 Желтоқсан, 2025

«Қазақша жақсы баяндадыңыз, осылай үйрену керек»: Үкімет басшысы вице-министрді мақтады

0 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкинді қазақ тілінде баяндама жасағаны үшін мақтап, оң бағасын берді, деп хабарлайды Egemen.kz

«Қазақша жақсы баяндадыңыз, осылай үйрену керек»: Үкімет басшысы вице-министрді мақтады

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Вице-министр Үкімет отырысында көлік саласын цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Мінберге көтерілген Коняшкин баяндамасын толықтай қазақ тілінде оқып беріп, Үкімет басшысының ризашылығын тудырды.

«Қазақша жақсы баяндадыңыз, дұрыс, осылай үйрену керек», деді Олжас Бектенов.

Ростислав Коняшкиннің баяндамасына сәйкес, қазіргі таңда көлік-транзит саласындағы барлық 38 мемлекеттік қызмет онлайн форматта көрсетіледі.

2024 жылы қызметтердің 94 пайызы электронды түрде ұсынылған. Вице-министрдің айтуынша, бұл цифрлық сервистердің азаматтар мен бизнес үшін қолайлылығын дәлелдейді.

Р.Коняшкин қазақ тілін меңгергені үшін Премьер-министрдің мақтауына ие болған Жасанды интеллект министрлігінің алғашқы өкілі емес. Биыл ақпанда Олжас Бектенов сол кезде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі болған (қазіргі жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі) Дмитрий Мунды қазақ тілінде баяндама жасағаны үшін мақтап, оны «сөзінде тұратын адам» деп атаған болатын.