Байқау шымылдығын Ақтоғай және Баянауыл өнерпаздары түрді. Өнер сайысын ұйымдастырушы, «Шаңырақ» облыстық орталығының директоры Замира Солтанова өнерпаздарға сәттілік тілеп, жоба өңір өнерпаздары арасындағы шығармашылық байланысты нығайтатынын атап өтті.
«Өнер додасы» байқауы өңір-өңірді жарыстыруды ғана емес, табыстыруды көздейді. Қазақ «ел іші – өнер кеніші» деген. Сол кенішті ақтарып, халық алдына ұсынсақ, талапты жандардың талантын ұштасақ деген ниеттен осы бір сайыс бастау алды» деді ол.
Ақтық кезеңге шыққан Екібастұз қаласы мен Павлодар ауданының өнерпаздары 7 айналым бойы деңгейлерінің жоғары екенін дәлелдеді. Қатысушылар дәстүрлі ән, терме, күй, айтыс, халықтық ансамбль, сирек кездесетін аспап және халықтық би аталымдары бойынша кіл мықтыны анықтады.
Өнер жарысының нәтижесі бойынша бас жүлдені екібастұздық өнерпаздар қанжығалап, 2 миллион теңгелік сертификатпен марапатталды. Ал Павлодар ауданының намысын қорғаған ұжым бірінші орынды иеленді. Екінші орынға Тереңкөл ауданынан келген ұжым ие болса, жүлделі үшінші орынға Успен ауданының өнерпаздары лайықты деп танылды.
Жеті кезеңдегі сайыскерлердің өнеріне жергілікті мәдениет қайраткерлері, өңірге танымал ақындар мен сазгерлер, әнші-күйшілер қазылық етіп, баға берді.
Елдің абыройын асқақтататын сала – өнер. Ал өнер адамына қолдау көрсету сіз бен біздің басты міндетіміз болуға тиіс. Ұлттық өнерге қолдау көрсеткен аудан-қала басшылары бүгін соның жемісін көрді», деп атап өтті өңірлік мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан.
Павлодар облысы