Сұхбат • Бүгін, 08:25

Арман Әсенов: Сарбаз бесаспап болуы керек

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қай заманда болсын армияның айбары оның озық қару-жарағымен ғана емес, ең алдымен саптағы сайыпқырандарының өр рухымен әрі жасын жігерімен өлшенген. Бұл болашақ Отан қорғаушы жастардың әскери қызметке дене дайындығымен қоса, ішкі рухани-патриоттық сезімі кемелденген күйде келуінің маңызды екенін көрсетеді. Осы орайда бүгінде Қарулы Күштеріміздің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы жемісті еңбек етіп келеді. Жуырда ғана мекеменің 10 жылдық мерейтойы аталып өтті. Біз осы іс-шара қарсаңында орталық бастығы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсеновпен әңгімелескен едік.

Арман Әсенов: Сарбаз бесаспап болуы керек

– Арман Тұрсынбайұлы, биыл елімізде әскери-пат­риот­тық тәрбие тұжырым­дамасы жаңартылды. Осыған байланысты Ұлттық әскери-патриот­тық орталықтың жастармен әрі әскери қызметшілермен жұмыста атқаратын рөлі қан­дай екенін білгіміз келеді.

– Иә, Президент Жарлығы негі­зінде 7 қарашада Үкімет бе­кіт­кен «Әскери-патриоттық тәр­бие тұжырымдамасы» біздің орта­лықтың он жылдық мерей­тойымен үйлесім тапқан ма­ңыз­ды оқиға болды. Бұл құжат әс­кер­дің мәдени-рухани негізін қа­лыптастыруда үйлестіруші орган ретіндегі мәртебемізді түпкілікті бекітіп берді. Сонымен қатар орталықтың әскери-патриот­тық тәрбиенің басты институты ретін­дегі стратегиялық маңызын күшейтті.

Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың құрылуы Қарулы Күштердегі патриоттық және мәдени тәрбие жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеруде ерекше мәнге ие. Бұған дейін әскери бөлімдер мен гарнизондарда жүргізілген мәдениет пен тәр­биеге қатысты жұмыстарда бірізділік болмаған еді. Бір­ың­ғай тұжырымдама мен әдіс­темелік база жоқ-тын. Сол се­бепті армияға осы бағыттағы жұ­мыстарды бір орталықтан үйлестіретін және патриоттық тәрбие саласында мемлекеттік идеологияны жүзеге асыратын мекеме қажет болды.

Бүгінде біздің орталық музей ісін, музыкалық өнерді, әскери-тарихи бағытты, жастармен жұ­мысты және ағартушылық жобаларды біріктірген стратегиялық өзекке айналды. Біз өз дәстүрін құрметтейтін және мемлекет алдындағы парызын терең сезі­нетін, рухани-адамгершілік кел­бетін айқындайтын Қарулы Күш­теріміздің берік негізін қалып­тастырдық.

– Орталықтың басты мақ­саты не? Қандай жұмыс­тармен шұғылданады?

– Жалпы айтқанда, басты мақ­сатымыз – отаншыл сарбаздар­­ды тәрбиелеу. Егер әскерің мық­ты болсын десек, оның қатарын­дағы сарбаздардың патриоттық рухы жоғары болуы керек. Он­сыз қуатты армия қалыптастыру мүмкін емес. Сондықтан біз жас жауынгердің бойына елдің та­рихы туралы білімді сіңіріп, тілі­не, дәстүріне деген құрметті қа­лыптастыруға ұмтыламыз. Әс­кер­­­ге келген жас жігіт жауынгер­лік ­іске машықтанып қана қой­май, ­армиядан мәдени әрі рухани тұр­­ғыдан байып, толыққанды, жинақы, Отан қорғаушы болу­­дың мәнін терең түсінетін дең­гей­де оралуы – басты тілегі­міз. Мәде­ниет адамды кемел етеді. Музыка, кітап, фильм, музей экспозиция­лары, ардагерлер­мен тікелей жүздесу арқылы жас сарбаз тарих тере­ңіне бойлап, өзін үлкен халық­тың перзенті ретінде сезінеді.

Бұл жерде тек әскердегі емес, әскерге дейінгі жастармен жұ­мысты да айта кетуіміз керек. Бұл орайда «Балдаурен» әскери-патриоттық лагері, «Жас сарбаз» жастар қозғалысы, кәсіби бағ­дар беруге арналған іс-шаралар – мұның бәрі болашақ жауынгердің тұлғалық қалыптасуына ықпал етеді. Әскерге шақырылар сәтте олар армияның не үшін қажет екенін және Отанға қызмет етуді өзіне көрсетілген үлкен сенім әрі мәртебе екенін жақсы түсініп келеді.

Алдағы маңызды жобаның бірі – гарнизондар мен офицерлер үйінде әскери кинотеатрлар ашу. Сарбаздардың көпшілігі шағын қалалар мен ауылдардан шақырылады. Кей жерлерде театр тұрмақ, қарапайым мәде­ниет үйі де жоқ. Біз жас жауынгер армияға келген соң өмірден артта қалмай, мәдени жағынан қатарластарынан озық болғанын қалаймыз. Армия оның өміріндегі үзіліс емес, алға басқан қадамы – білімге, өз рө­лін ұғынуға, тарихқа және мем­лекеттік санаға құрметпен қарауға бастар жол болуға тиіс.

әскер

Осыған орай мерзімді қызметтегі әрбір сарбаз игеруі керек мәдени тұрғыда өсудің ең төменгі деңгейін белгіледік. Мысалы, арнайы бекітілген кітаптар тізімін оқып шығу. Осы мақсатта «Сарбазға кітап» атты акция жариялап, әскери бөлімдердегі кітапханаларды то­­лықтырмақпыз. Сондай-ақ қазақ тіліндегі, елімізде түсі­ріл­ген фильмдер тізімін тамашалау міндеттеледі. Бұл – көбіне ауылдарға жетпейтін, кинотеатр­ларда көрсетілмейтін туындылар. Шынайы патриоттық сана мәдениет, тарих және Отанға деген сүйіспеншілік арқылы оянады. Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың құрылу себебі де – осы үдерісті жүйелі, ұйым­дасқан әрі нәтижелі ету. Бүгінгі сарбаз бесаспап болуы керек.

– Өткен 10 жыл ішінде ор­талық жұмысында қандай оң өз­герістер мен жетістіктер болды?

– Әскери-патриоттық жұмыс жүйесінде шын мәнінде үлкен серпіліс жасалды. Ең алдымен, елі­міздің ірі гарнизондары – Алматы, Гвардейск, Семей, Сары­өзек, Қонаев қалаларында ор­та­лық­тың филиалдары құрыл­ды. Бұлар оркестрлермен, ансам­бльдер­мен, музейлер­мен жаб­дықталып, жеке құрам үшін толыққанды мәдени орта­лық­тарға айналды.

Сонымен қатар орталықта шы­­­ғармашылық взводы құ­рыл­­ды. Оған музыкалық, ­хо­рео­графия­лық немесе актерлік білімі бар жас­тар қабылданады. Соның арқасын­да армия мәде­ниеті жаңа сер­пін алып, шығар­машылық қызмет әскери қыз­меттің бір бөлше­гіне айналды.

Ең маңызды жобаның бірі – Қонаев қаласындағы филиал ба­­засында ұйымдастырылған «Бал­­дәурен» әскери-патриот­тық лагері. Мұнда жыл сайын 4 мың­­нан аса жасөспірім дайын­дық­тан өтеді. Балалар жыл бойы оқу үде­рісінен қол үзбей, 20 күн бойы армия тәртібінде өмір сү­реді. Әскери қызмет негізде­рін меңгеріп, кәсіби бағдарлау бағ­­дар­ламаларына қатысады. Ин­же­­нерлік және десанттық-ша­буыл­дау бөлімшелерінде бо­лып, ал­ғашқы парашюттік жат­тығу­лар­дан өтеді. Бұл іс-шаралар – болашақ Отан қорғаушылар­дың мінезін шыңдайтын батыл­дық мектебі.

– Әскери-патриоттық тәр­бие саласында өзге елдердің тәжі­рибелерін зерделеп көр­діңіздер ме?

– Өзім осы тақырыпта дис­сертация қорғаған едім. Сол кезде шетелдегі әскерлердің мәдени-демалыс уақытын тиімді пайдалану мен әскери-патриоттық тәр­бие тәжірибесін талдадым. Мыса­лы, АҚШ-та Қорғаныс министрлігі­нің «Әскери қызметшілер­дің моральдық ахуалы мен демалысын жақсарту» бағдарламасы жұмыс істейді. Онда өз бағыны­сындағы бөлімдердің демалысын ұйымдастыру толықтай командирлерге жүктелген.

Қытайда сарбаздармен мәде­ни бағыттағы жұмыс идеология­лық тәрбиенің маңызды құралы ретінде қарастырылады. Онда халық-азаттық армиясында әс­кери театрлар, оркестрлер, үгіт-бригадалар жұмыс істейді.

Түркияда Ұлттық қорғаныс министрлігіне қарасты әскери музей, мәдени орталық және «Мехтеран» атты ерекше оркестрі бар. Ол әскери дәстүрлер мен заманауи музыканы біріктіреді.

Ал көрші Ресейге келсек, бұлар кеңестік кезеңнен қалып­тасқан жүйені сақтап, одан әрі дамы­тып отыр. Офицерлер үйлері, әскери ансамбльдер, кітапха­налар мен музейлердің желісі қалыптасқан.

Біздің еліміз үшін бұндай тәжірибелердің бәрі де маңызды. Үйренеріміз көп. Алайда өз ұлттық моделімізді құру – бірінші кезекте тұрған мәселе. Бұл модель ұлттық құндылықтарға, тарих пен елдің бүгінгі жағдайына негізделуге тиіс.

Жалпы, мен үшін мәдениет пен патриотизм – абстрактілі ұғым емес, өмірлік бағдар. Әскери өмір тек жауынгерлік жаттығу мен бұйрықтардан тұрмайды. Ол моральдық рухы мықты, борышын терең сезінетін адамдардан құралады. Әр сарбаз, әр офицер өз халқының тарихын білуі керек. Ұлттық дәстүрін сыйлап, туған мәдениетіне махаббатпен қарауға тиіс. Бұл тек жеке тәрбие мәселесі емес, мемлекеттің стратегиялық құндылығы. Ол қызметшілердің өміріне қаншалықты терең енсе, армияның күші нығайып қана қоймай, еліміздің болашағы да жарқын бола түспек.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»