Әскер • Бүгін, 08:28

Резервтік қызметке қабылдау басталды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осыдан үш-төрт жыл бұрын Қорғаныс ми­нистр­лігі халықаралық тә­жірибелерге сүйене оты­рып, «Қазақстан Республика­сының ке­й­бір заңнамалық актіле­ріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өз­ге­рістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» заң жобасын дайындағаны айтылған. Заң қабыл­дан­ды. Қазір Абай облысында азаматтарды үш жылдық келісімшарт негізінде резервтік әскери қызметке қабылдау бас­талды.

Резервтік қызметке қабылдау басталды

Бұл жөнінде Өңірлік ком­муникациялар қыз­меті алаңында өт­кен баспасөз жиынында «Шығыс» өңірлік әскерлер қол­басшылығы басқармасының заң басқармасы басшысы, подполковник Бейбіт Танцаров айтып берді.

– Биылғы 18 наурызда қа­былданған «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәр­тебесі туралы» заңға енгізілген өз­герістерге сәйкес резервтік әскери қызметке қабылдау жұмыстары жүр­гі­зіліп жатыр. Резервтегі әс­кери қызметке 18 бен 57 жас ара­лығындағы, әскери куәлігі бар, моральдық және кәсіби талап­тарға сай, сондай-ақ денсаулық жағдайы жарамды деп танылған жұмыс істейтін және жұмыссыз азаматтар қабылданады, – деді басқармасы басшысы.

Оның айтуынша, жаңа фор­матты енгізу – Қарулы Күш­терді жасақтау жүйесін жетіл­діруге және қажет болған жағ­дайда мобилизациялық ресурс­ты жедел қалыптастыруға мүм­­кіндік береді. Ал «Шығыс» өңір­лік әскери қолбасшылығы бас­қармасының кадр бастығы, подпол­ковник Бақыт Жұмабеков бұл туралы кеңінен тарқатып айтты.

– Үш жылдық келісімшартқа отырған азаматтар жыл сайын­ 30 күндік далалық оқу-жат­ты­ғу­ларға, сондай-ақ ай сайын 3 күн­дік жауынгерлік дайын­дық са­­бақтарына қатысады. Осы­лайша, әрбір резервист жылы­на 60 күндік дайындықтан өте­ді. Жұмыс істейтін резервис­терге – орташа айлық жалақысы, ал жұмыссыздарға ең төменгі жалақы төленеді. Дайындық кезеңінде медициналық қам­тамасыз ету бюджет есебінен жүр­гізіледі, – деді кадр бастығы.

Резервтік әскери қызметке қабылдау жергілікті әскери бас­қару органдары арқылы жүзеге асырылады.

 

Абай облысы