Петропавлдағы Ішкі әскерлер училищесі (қазіргі Ұлттық ұлан академиясы) мен Ұлттық қорғаныс университетіндегі Ұлттық ұлан факультетінің құрылу тарихына тоқталған Р.Жақсылықов құқықтық тәртіп әскеріне білікті, жоғары санатты офицерлер ауадай қажет болғанын еске алды. Ол уақытта Ішкі әскерде жоғары әскери білімі бар небәрі 7-ақ офицер қызмет етсе керек. Ал жеке құрамға жүктелген міндеттер күн сайын ұлғайып, күрделене түскен еді.
«Жауынгерлеріміз қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде күн сайын қиындықтарға тап болатын, бұзақылар топтарына тосқауыл болуда, терроризммен күресте де қиындықтар туды. Уақыт бізден басқару жүйесінің заман ағымына, елімізде орын алып жатқан өзгерістер мен оқиғаларға сәйкес болды. Жоғары оқу орнын ашу жолында қаншама уақыт кетті. Дегенмен мақсатымызға қол жеткіздік. Тұңғыш рет заң жүзінде құқықтық тәртіп әскерінің білім ордасын құрдық. Осы факультетті де қандай мақтанышпен ашқанымыз әлі есімде», деді ол.
Руслан Фатихұлы Петропавлдағы ішкі әскер училищесін әскери институт етіп қайта реформалау мәселесі де үлкен жұмыс болғанын әңгімеледі. Ол бұл жұмыстың бәрі өз ісін шексіз сүйген офицерлердің арқасында жүзеге асқанын айтты.

«Бүгінгі аудиторияға есімі беріліп отырған полковник Төлеңгітов те өзінің жеке уақытын, тіпті өмірін арнағанына мен куәмін. Ол кезде институт бастығының орынбасары полковник Ахметов еді, Қанат Файзрахманұлы екеуінің еңбегі көп сіңді», деді генерал-полковник.
Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Бауыржан Әбжанов: «Қанат Файзрахманұлын әскери педагогика саласының белсенді архитекторы деп есептеймін. Оның идеялары, еңбектері мен оқу-зерттеулері, әскери ғылымға деген көзқарасы – кадрлық офицерлер даярлау жүйесіне тірек болды деп нық сеніммен айтуға болады. Сондықтан ғалымның есімін ұлықтауды – оның кәсіби мұрасын жас буынға үлгі ету және ел мүддесіне адал қызмет етудің құндылығын дәріптеу деп түсіну керек», деді.
Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы, генерал-майор Асқар Мұстабеков Қанат Төлеңгітовпен бірге қызмет етпесе де, бүгінде университет сол кісінің жасап кеткен еңбегінің жемісін көріп отырғанына тоқталды.
«Оның ғылыми еңбектерімен танысып, ол кісінің парасатты адам, өз елінің патриоты, есімі бас әріппен жазылар офицер екеніне көзім жетті. Себебі ол қысқа ғана ғұмырында өте үлкен іс атқарды, сауапты іс жасады, әскери білімді дамыту жолында қызмет етіп, із қалдырған азамат болды. Бар-жоғы 42 жыл өмір сүріп, мұндай үлкен істі тындыру екінің бірінің қолынан келмейді», деді ол.
Ғалым атын иеленген аудиторияда полковник Қанат Төлеңгітовтің ғылыми еңбектері, әскери қызметтегі жетістіктері мен өмір жолы туралы баяндалған тақта орналастырылған. Факультет басшысы, полковник Савердин Имиров ашылу салтанатында бұл аудитория болашақ офицерлерді даярлау ісінде, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуде әрі әскери-патриоттық тәрбиені нығайтуда маңызды рөл атқаратынын айтты. Ол ғалымның анасы Сәкен Мұқажанқызы мен аяулы жары, полковник Эра Мұхамеджанқызына сый-сияпат көрсетіп, гүл шоқтарын ұсынды.