Саясат • Кеше

Ақылды көлік дәліздеріне – цифрлық мүмкіндік

20 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көлік-транзит саласын дамыту мен цифрландыру мәселелері, 2026 жылғы вегетациялық маусымға дайындық шарасы қаралды.

Ақылды көлік дәліздеріне – цифрлық мүмкіндік

Су тапшылығы күшейді

Отырыста вице-премьер Қанат Бозымбаев Қызылорда, Түркістан мен Жамбыл облыстарында су аз кезеңі жалғасып жатқанын мәлімдеді. Шардара су қоймасына су келуі 43%-ға азайған, ал Нарын – Сырдария каскадындағы су көлемі былтырмен салыстырғанда 3,8 млрд текше метрге кем. Келер жылғы вегетацияға болжамды су келуі небәрі 1–2 млрд текше метр болып, 1 млрд текше метрге дейін су тапшылығы болуы мүмкін.

«Жамбыл облысындағы су қоймалары­ның толымдылығы – 41% ғана. Бірқатар өңірде биыл ылғалсүйгіш дақылдар­ды қысқарту жоспары орындалмаған. Дегенмен су үнемдеу технологиялары қолданылатын алаң 543,5 мың гектарға жетіп, жыл сайын 150 мың гектарға ұлғайып келеді», деді Қанат Бозымбаев.

Мемлекеттік қолдау күшей­тіліп, 2026–2028 жылдарға 228,1 млрд теңге қарастырылған. Нәти­жесінде, Үкімет су пайдалану лимиттерін қатаңдату, ылғал­сүйгіш дақылдарды қысқарту, суды аз қажет ететін дақылдарға көшу және 2026 жылға дейін судың «қара нарығын» жою бойынша нақты шаралар қабылдады.

«Су тапшылығы жағдайында сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін кешенді шараларды іске асыруымыз керек. Облыс әкімдері келер жылғы вегета­циялық маусымға дайындық аясында коммуналдық меншіктегі гидротехникалық нысандар мен ирригациялық каналдарға жөндеу жұмыстарын жүргізуі қажет», деді Премьер-министр.

Басты міндет – суды көп қажет ететін дақылдардың үлесін қысқарту әрі су үнемдеу технологияларын енгізу. Өңір әкімдіктері мен уәкілетті мемлекеттік органдар егіс алқаптары құрылымын әрта­раптандыру бойынша инди­катор­лардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ететін болады. Су ресурстары министрлігі бекітіл­ген лимиттерден тыс су беру жағ­дайларының алдын алады.

«Бұл – өзекті мәселе. Ауыл шаруа­шылығы министрлігі егіс алқаптарын әртараптандыру жөнінде тиісті кесте бекітті, алдағы уақытта барлық жұмыс осы кестеге сәйкес жүргізілуге тиіс. Мысалы, бір шаруашылықта 100 гектар болу керек десек, ертең 1 га артық егілсе, оған біз бір тамшы су бермейміз. Егер ертең Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен көрсеткіштерді бұзып, диқандардың шығындары болса, бюджеттен бір тиын да өтелмейді. Бұны халыққа ашық, үзілді-кесілді айту керек», деді Олжас Бектенов.

Келесі жылдың шілдесінде Шар­дара топтық су құбырының құры­­лысы аяқта­латынын айтқан Үкі­мет басшысы ол қала тұрғын­да­рын ауызсумен үздіксіз қамта­масыз етуге мүмкіндік беретініне тоқталды.

«Аталған мәселені мен өзімнің жеке бақылауымда ұстап отырмын. Су ресурстары және иррига­ция министрлігі, сондай-ақ шекара маңындағы өңірлердің әкім­дік­тері қажетті су көлемінің дер кезін­де келуін қамтамасыз ету үшін көр­шілес мемлекеттермен ты­ғыз жұ­мыс жүргізуі қажет», деді ол.

инфо

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Көлік саласының стратегиялық бағыты

Отырыста Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев көлік саласы экономиканың өсу драйверіне айналғанын мәлімдеді. Биылғы 10 айда көлік қызметтерінің көлемі – 20,7%, негізгі капиталға салынған инвестициялар 18,4%-ға өскенін айтты. Ал транзиттік жүк көлемі 29,4 млн тоннаға жетіп, өсім 5% болыпты.

«Автожолдарда жыл ішінде 13 мың шақырым құрылыс пен жөндеу жұмыстары жүргізілді, республикалық жолдардың 93%-ы нормативтік жағдайда. 2027 жылдың аяғына дейін 37 өткізу пунктін жаңғырту жоспарланған», деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша салада цифрландыру күшейтіліп жатыр. e-Joldar аясында жолдардың цифр­лық паспорттары жасалып, жыл сайын жасанды интеллект арқылы жол диагностикасы жүргізіледі. Smart Road Diagnostic System жол ақауларын 95% дәлдікпен анық­тайды. Ақылы жолдардағы KazToll жүйесі арқылы бюджетке 79 млрд теңге түскен. Автокө­лік­пен жүк тасымалы 288 млн тон­наға жетіп, 1,7% өскен көрі­неді. Автоматтандырылған өлшеу стан­­салары­ның арқасында заң бұзу­­шылықтарды анықтау мен бюд­­жетке түсетін түсім 10 есеге артқан.

Цифрландыруға қатысты Еуразия­лық экономикалық одақ ая­сында Қаржы және Көлік ми­нистр­­ліктерімен бірлесіп, «Транзит» ақпараттық жүйесі енгізіліп жатыр. Жүйе навигация­лық пломбалар арқылы жүк қозға­лы­сын нақты уақыт режімінде бақылауға мүмкіндік береді.

«Қазір ол 7 теміржол стансасында және 11 автомобиль өт­кізу пунктінде қолданылады, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитеті мен одақ елдерінің жүйелерімен біріктірілген. Жаңа жүйе бизнес үшін бақылауды жеңілдетіп, «жалған транзиттің» алдын алса, мемлекет үшін салық пен бюджет түсімдерін арттыруға ық­пал етеді. Одақ аумағында то­лық енгізу келер жылдың ақпа­ны­на жоспарланған», деді Жасан­ды ин­теллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин.

Мемлекет басшысы елімізді Еуразия кеңістігіндегі басты көлік торабына айналдыру бо­йынша стратегиялық міндет қой­ғаны мәлім. Оны іске асыру үшін жүйелі шара­лар қабылданып отыр. Транскаспий халық­аралық көлік бағытының өткізу қабілеті ұлғайтылды, шетелдік серіктес­тер­мен та­р­ифтік саясат үйлесімді түрде жүргізі­ліп, жүктерді жет­кізу мерзімдері қысқартылды.

«Автожол инфрақұрылымын транзит­тік және халықаралық дәліздерге басымдық бере отырып жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Контейнерлік тасымал көлемі өсті. Қазақстан – Қытай шекарасында пилотсыз тасымал мен бірыңғай электрондық дек­ларацияны қамтитын «Ақылды кеден» жобасы жүзеге асырылып жатыр», деді Үкімет басшысы.

Қабылданған шаралардың нәтижесін­де биыл 10 айда еліміз арқылы транзиттік тасымал көлемі 29 млн тоннадан асып, нақ­ты өсім көрсетті. Бұған қоса транзиттік жүк тасымалы үшін бәсеке күшейіп барады. Осы орайда көлік логистикалық жүйенің қолда бар әлеуетін белсенді түрде кеңейту қажет.

«Бірінші кезекте халықаралық көлік дәліздері мен өткізу пункт­теріндегі үдеріс­терді жылдам цифр­ландыру керек. Жүк жөнелту­шілер үшін көлік логистикалық операциялардың жеделдігі, алдын ала болжау мүмкіндігі мен цифрлық ашықтығы тасымал бағытын таңдауда негізгі фактор саналады», деді Олжас Бектенов.

Осыған байланысты Прези­дент Жолдауы аясында логистикада, оның ішінде Smart Cargo эко­жүйесі де бар, толықтай цифр­лық шешімдер жүзеге асырылып жатыр. Ол жүк қозғалысына онлайн-мониторинг жүргізу мен бүкіл бағыт бойынша мемлекеттік әрі жеке цифрлық платформаларды интеграциялау мақсатын көздейді.

«Алайда бүгінде сервистердің барлығы бірдей қосылып, жұмыс істеп тұрған жоқ. Сондықтан Көлік министрлігі мүдделі мем­лекеттік органдармен бірлесіп, келесі жыл­дың 1-сәуіріне дейін сервистер мен ақ­параттық ресурстардың толық интегра­ция­­сын аяқтауы қажет», деді Үкімет басшысы.

Жуырда өткен кеңесте Мем­лекет басшысы көлік-тасымал саласын дамыту үшін әуехабтарды дамытудың басымдығын атап өтті. Ұшу географиясын кеңейту, жаңа шетелдік әуе тасымалдаушыларды тарту, еліміздің әуежайлары арқылы жүк пен жолаушылар ағынын арттыру бағытында жұмыс жүргізіліп келеді.

«Әуежай инфрақұрылымын жаңғырту, арнайы техниканы жаңарту әрі жолаушылар мен әуе компанияларына қызмет көрсету сервистерін цифрландыру жүзеге асырылып жатыр. Мұның бәрі отандық әуежайларды бәсе­кеге қабілетті өңірлік хабтарға айнал­дыруға мүмкіндік береді», деді Олжас Бектенов.

 

Нақты істер тұжырымдалды

Көліктік деректер қорының ақпа­раттық-талдау жүйесін да­мыту­ға ерекше назар аудару қа­жет. Қазірдің өзінде деректердің бірың­ғай массиві жасалып, жүк қозға­лысын бақылау мен өткізу пункт­терінің жүктемесіне мониторинг жүр­гізу модульдері іске асырыл­ды. Бұл осал тұстарды тез анық­тап, уақтылы шешім қабыл­дауға мүмкіндік тудырады.

«Бұған қоса жүйенің қазіргі монолитті архитектурасы оны интеграциялау мен инновация­лық шешімдерді енгізу кезінде қиындықтар туғызып жүр. Осыған байланысты Көлік министрлігі Цифрлық даму министрлігімен бірге аталған жүйені ашық интерфейстері бар модульдік және масштабталатын архитектураға көшіруді қамтамасыз етуі қажет», деді Премьер-министр.

Бұл ретте көлік ағындарын болжау мен басқару үшін жасанды интеллектіні кезең-кезеңмен енгізген жөн. Бұдан басқа келесі мәселелерді де шешу қажет.

Бірінші, автожол инфрақұ­ры­лымының сапасы басты назарда. Автомобиль жолдарын нормативтік жағдайда күтіп-ұстау үшін автожол жобаларын іске асырудың цифрлық мониторингін қамтамасыз ету керек. Өңір әкімдіктері келесі жылғы 1-шілдеге дейін жергілікті жолдарды толық паспорттауды аяқтап, автоматтандырылған өлшеу стансаларын орнатуды жеделдету керек. Іске қосылатын «E жолдар» жүйесі жол­дардың жағдайын есепке алу, ақау­лар­ды тіркеу мен жұмыстардың орындалуын онлайн режімде бақылау құралы болуға тиіс.

Екінші, әуе жолдары арқылы өтетін жүк тасымалы саласында халықаралық стандарттарға сәйкес электрондық құжат айналымына көшуді жеделдету керек. Бұл деректерді өңдеу жылдамдығын арттырып, бизнес пен шетелдік серіктестердің тарапынан сенім мен ашықтық деңгейін жоғарылатады.

«Көлік министрлігіне Қаржы және Ауыл шаруашылығы ми­нистр­ліктерімен бірлесіп, келесі жылдың 1-наурызына дейін «e-Freight» ақпараттық жүйесі­мен кешенді интеграция­ны аяқтау­ды тапсырамын», деген Олжас Бектенов аталған шара импорт­тық және экспорттық декла­ра­циялар, сондай-ақ ветери­­нарлық және фитосани­тарлық сертификаттар бойынша деректердің автоматты түрде берілуін қамтамасыз етуге тиіс екенін еске салды.

Үшінші, теміржол саласында түпкілік­ті цифрлық шешімдерді енгізуді жалғас­тырған ләзім. Көлік министрлігіне «Қазақ­стан темір жолы» компаниясымен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде шекаралық және торап­тық стансаларда жүктерді өңдеу уақытын қысқарту, жұмыс кестелерінің болжам­дылығы мен жүк жөнел­ту­шілер үшін қо­лайлы жағдай­ды қамтамасыз ету бойынша қосым­ша шаралар әзірлеу жүктелді.

Төртінші, Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәйкес, желтоқсан айында мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстары аяқ­талады. Жақын арада 5 өткізу пункті іске қо­сылады. Осылайша, Еуразия­лық эко­номикалық одақтың сыртқы кон­турын­дағы барлық өткізу пункттері халықара­лық стандарт­тарға сай болып, жүктердің жылдам өтуін қамтамасыз етеді.

«Бұл ретте ішкі контурда Көлік министр­лігі «ҚазАвтоЖол» ком­паниясы­мен бірге жұмыс қар­қынын жеделдетіп, өткізу пункт­терінің құрылысын белгі­ленген мерзімде аяқтауы қажет. Бұл мәселе менің тікелей бақы­лауымда», деді Премьер-министр.

Бесінші, көлік жолдарының бойындағы сервистік инфрақұ­рылымның жай-күйі де маңыз­ды мәселе. Көлік министрлігі «ҚазАвтоЖол» компаниясымен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, халыққа және жалпы тасымалдаушылар үшін қолайлы жағдай жасауы қажет. «Ол үшін жеке инвестицияларды белсенді тарту керек», деді Олжас Бектенов.