Аймақтар • Бүгін, 11:32

Батыс Қазақстанда жаңа жолайрық пайдалануға берілді

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар инфрақұрылымдық нысан – «Ақтөбе-Орал-РФ шекарасы» автожолының 265-шақырымында, Подстепное ауылы тұсында салынған екі деңгейлі жолайрық пайдалануға берілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Батыс Қазақстанда жаңа жолайрық пайдалануға берілді

Жаңа жолдың ашылу рәсіміне облыс әкімі Нариман Төреғалиев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев және компания қызметкерлері, мердігер ұйым өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты.

«Мемлекет басшысы еліміздің көлік-логистика саласын жаңғыртуды айрықша тапсырып, бұл бағыт ұлттық экономиканы күшейтудің негізгі тетіктерінің бірі екенін үнемі айтып отырады. Бүгін іске қосылып отырған екі деңгейлі жолайрығы – жол қозғалысын қауіпсіз әрі үздіксіз қамтамасыз етуге арналған заманауи инженерлік шешім. Жаңа жол торабы көлік ағынын реттеп, қозғалысты айтарлықтай жеңілдетеді. Бұл – облыстың өзге өңірлермен және Ресей Федерациясымен көлік байланысын жақсартып, экономикалық ықпалдастықты тереңдетуге зор серпін беретін маңызды қадам», деді өңір басшысы Нариман Төреғалиев.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев та атқарылған жұмыстың маңызын атап өтті:

«Бүгін ашылған учаскелер өңірдің көлік қолжетімділігін түбегейлі өзгертеді. Әрбір жаңа шақырым – экономиканың, шағын және орта бизнестің, туризмнің дамуына, халықтың өмір сапасының артуына ашылған жаңа мүмкіндік. Сонымен бірге біз биыл қайта жаңғырту жұмыстары басталған «Сырым» өткізу пунктін толықтай жаңартып, оны халықаралық деңгейдегі заманауи логистикалық орталыққа айналдыруды бастады», деді ол.

Бұл жол – «Подстепное-Федоровка-Ресей Федерациясы шекарасы» бағытында жүргізіліп жатқан ірі қайта жаңғырту жұмысының маңызды бөлігі. Жобаның жалпы ұзындығы – 144 шақырым болса, бүгінгі таңда 72 шақырым жол толық жөнделіп, көлік қозғалысы ашылды. Бұл жұмысты «ҚазАвтоЖол» АҚ жүзеге асырды.

Қалған 72 шақырымда қайта жаңғырту жұмысы КПО b.v. компаниясының қолдауымен жүргізіліп жатыр. Жоба 2026 жылы толық аяқталады.

2025 жылы Батыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 260 шақырымы жөнделіп, толық аяқталды. Оның ішінде «Подстепное – Федоровка» автожолының 72 шақырымын қайта жаңарту, «Өнеге – Бисен – Сайқын» бағытының 103 шақырымын күрделі жөндеу, сондай-ақ Хан Ордасы ауылына кіреберіс жолының 21 шақырымы мен Ақтөбе – Орал автожолының 64 шақырымдық жолға орташа жөндеу жұмыстары бар.